қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
14.03.2025

Абай университетінің әкімшілік-басқару персоналдары эколог Евгений Мұхамеджановпен кездесті

 

2025 жылғы 14 наурызда Стратегия департаментінің ұйымдастыруымен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің әкімшілік-басқару персоналдары эколог, ECO Network жобасының жетекшісі Евгений Мұхамеджановпен кездесті.

 

«Университеттің тұрақты экожүйесі: әлеуметтік, экологиялық және инфрақұрылымдық мәселелері» тақырыбындағы семинар-тренингтің басты мақсаты - университет қызметкерлерінің тұрақты дамудың экологиялық аспектілері бойынша білімін арттыру болды.

 

Семинар барысында Евгений Мұхамеджанов экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығына тоқталып, ресурстарды ұқыпты пайдалану, тұтыну әдеттерін өзгерту және қалдықтарды сұрыптап жинаудың қажеттілігі туралы өзекті мәселелерді талқылады. Экологтың пікірінше, пластикалық және полиэтиленді қаптамаларды күнделікті тұтынуды азайту, сондай-ақ қалдықтарды қайта өңдеуге бағытталған саналы әрекеттер қоғамның әрбір мүшесінен басталуы тиіс.

 

Кездесу нәтижесінде Абай атындағы ҚазҰПУ мен ECO Network жобасы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл келісім аясында университетте студенттер, оқытушылар және қызметкерлер арасында экологиялық мәдениетті насихаттау, қағаз, шыны және пластикті бөлек жинау үшін эко жәшіктер мен пластикалық бөтелкелерге арналған фандоматтар орнату жоспарланып отыр.

 

Абай университеті қоршаған ортаға ұқыпты қарау және қаланың тазалығын сақтау мақсатында экологиялық мәдениетті дамытуға бағытталған ұзақ мерзімді жобаны қолға алды. Бұл бастама университеттің тұрақты даму стратегиясының маңызды бөлігіне айналып, білім алушылар мен қызметкерлер арасында экологиялық жауапкершілікті арттыруға ықпал етпек.

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=