Ректор факультет және кафедра басшыларымен кездесу өткізді
2025 жылғы 14 наурызда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы-ректор Болат Тілеп университеттің факультет декандары және кафедра меңгерушілерімен кездесу өткізді.
Кездесуге академиялық қызмет жөніндегі проректор Бану Нарбекова, стратегия және интернационалдандыру жөніндегі проректор Айгүл Искакова, білім беру бағдарламаларын талдау департаментінің директоры Нұржамал Ошанова қатысып, баяндама жасады.
Кездесу барысында кәсіби нарықтың сұранысы бойынша жасанды интеллектті негізге ала отырып, бірнеше бағдарламаларды қайта өңдеу, пәнаралық білім бағдарламаларын қайта әзірлеу, салалық біліктілік шеңберін және үздіксіз кәсіби дамыту жүйесін жетілдіру тәсілдері қарастырылды.
Сонымен қатар білім беру бағдарламаларын әзірлеу принциптері мен талаптары талқыланып, қолданыстағы білім беру бағдарламаларын талдау нәтижелері және жетілдіру бойынша ұсыныстар қаралды.
«Биылғы оқу жылындағы алда тұрған нақты мақсат - білім беру бағдарламаларының санын қысқартып, оларды оңтайландыру, қолданыстағы ұқсас пәндерді біріктіру. Қандай жағдайда да, сапаны ұстап қалуымыз қажет. Қойылған міндеттер - барлығымызға ортақ. Алдымызда тұрған үлкен жұмыс - ұсыныстарды қарап, нәтиже шығару. Жұмыс жүйелі болу үшін көңіл-күй де жақсы болу керек. Бүгінгі Aмал мерекесі құтты болсын, сәттілік!»,-деді ректор.
Кездесуде академиялық қызмет жөніндегі проректор Бану Нарбекова білім беру бағдарламаларын әзірлеу принциптері мен талаптары, пәнаралық білім бағдарламаларын әзірлеу, кәсіби пәндерді көбейту, білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына енгізілген өзгерістер туралы баяндады. Өз кезегінде сөз алған білім беру бағдарламаларын талдау департаментінің директоры Нұржамал Ошанова қолданыстағы білім беру бағдарламаларын талдау нәтижелерімен бөлісті. Нұржамал Ошанова сондай-ақ қатысушыларды базалық оқу жоспарының үлгісімен де таныстырды.
Жиында мектепке дейінгі білім беру және әлеуметтік педагогика кафедрасының меңгерушісі Ұлбосын Қияқбаева, география және экология кафедрасының меңгерушісі Думан Алиасқаров, көркем білім беру кафедрасының меңгерушісі Зоя Рабилова, экономикалық мамандықтар кафедрасының меңгерушісі Меруерт Канабекова сөз сөйлеп, атқарған жұмыстарының нәтижелерімен бөлісті. Сондай-ақ стратегиялық даму жоспарлары таныстырылып, бірқатар ұсыныстар айтылды.
Кездесуде жоғары білікті педагогикалық кадрларды даярлау және білім сапасын арттыру, түлектерді жұмыспен қамту мәселелеріне басты назар аударылды. Білім беру бағдарламаларын мектеп стандарттарына бейімдеу және олардың мектеп бағдарламасымен сабақтастығын нығайту тақырыбы талқыланды. Сонымен қатар жаңа оқу-әдістемелік құралдарды дайындау, білім беру бағдарламаларына енгізілген және енгізілуі тиіс бағдарламалар, қос дипломды білім беру бойынша тақырыптар қамтылды.
Кездесу соңында ректор факультеттер мен кафедра басшыларының ұсыныс-пікірлерін тыңдап, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді. Ашық диалог форматындағы кездесулер алдағы уақытта да жалғасын таппақ.






