қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
20.03.2025

Абай университетінде Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі тойланды


2025 жылғы 20 наурызда Абай атындағы ҚазҰПУ-да қалыптасқан игі дәстүр бойынша «Қош келдің, Әз-Наурыз!» атты Наурыз мейрамы кең көлемде аталып өтті. Бұл тамаша мереке қазақ халқының бай мәдени мұрасын дәріптеуге, ұлттық салт-дәстүрлерді жаңғыртуға және жас ұрпаққа рухани құндылықтарды насихаттауға бағытталды.


Мерекелік іс-шараға белгілі қоғам қайраткерлері, БАҚ өкілдері және басқа да құрметті қонақтар, сондай-ақ Абай университетінің ардагер ұстаздары, қызметкерлері, профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер қатысты.

 

Шараны Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма төрағасы - ректор Болат Тілеп құттықтау сөзімен ашты. Наурыз - халықтың ынтымағы мен бірлігін, жаңару мен жасампаздықты бейнелейтін мереке екенін атап өткен ректор, елдің ертеңі, келбеті мен келешегі көп жағдайда төл түлектердің кәсіби деңгейіне байланысты екенін айтып, осы орайда университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен студенттерін ел өркендеуіне үлес қосуға шақырды.

«Тәуелсіз ел атануымыздың арқасында өшкеніміз жанып, үзілгеніміз жалғасын тауып, жоғымыз түгенделуде. Ұлтымыздың рухани қазынасы саналатын асыл мұраларымызды жас ұрпаққа насихаттаудың да жарқын үлгісі - осы бірлігі жарасқан бейбіт елімізде көрініс табуда. Қараусыз қалған мазарды шөп басады, қынаптан суырмаған қылышты тот басады деген аталы сөз бар. Олай болса, Наурыз сияқты салт-дәстүріміздің мәртебесін үстем ету - баршамыздың ортақ парызымыз деп білемін. Самарқанның көк тасы еріген көктемнің осы бір күнінде сіздерге дүниенің бар жақсылығын, ырысы мен ынтымағын тілеймін. Наурыз мейрамы құтты болсын!», - деді ректор.

 

Мерекелік жиын барысында 9 киіз үй тігіліп, ұлттық өнерге ерекше көңіл бөлінетін мәдени шаралар ұйымдастырылды. Университет құрамындағы 8 факультет пен 1 институт қазақ халқының көнеден келе жатқан тұрмыс-салты мен дәстүрлерін көрсету бойынша өзара сайысқа түсіп, төмендегі номинациялар бойынша бақ сынады: «Думанды Наурыз», «Берекелі дастарқан», «Көрікті ұлттық киім», «Өнерлі орта», «Дәстүр жаңғыруы», «Креативті Наурыз», «Ұлттық спорт ойыны», «Наурыздың қазақ үйі».


Сонымен қатар, қонақтарға бауырсақ, қымыз, қазы-қарта ұсынылып, қазақтың асханалық дәстүрдің үздік үлгілері көрсетілді.


Іс-шара аясында ұлттық өнерге ерекше назар аударылды. Қазақ халқының көнеден келе жатқан тұрмыс-салтын паш ететін түрлі ойындар ұйымдастырылды. Қолөнер шеберлері мен сурешілер зергерлік бұйым жасау, ұлттық нақыштағы көрме сынды дәстүрдің үздік үлгілерін ұсынды. Айтыс ұйымдастырылып, жарапазан айтылды.


Халық әндері шырқалып, қазақ биінің түрлі жанрлары орындалды, күмбірлеген күй шертіліп, төл өнер кеңінен дәріптелді. Ұлттық киімдегі өнерпаздар сахнаның ажарын ашып, халықтың эстетикалық талғамын айшықтады. Кеш барысында танымал әнші, сазгер Құдайберген Бекіш жиналған қауымға әннен шашу шашты. Қазақ халқының көне дәстүрлері қайта жаңғырып, жоғары деңгейде дәріптелді.


Мерекелік жиын - ұлттық құндылықтарды ұлықтап, жас ұрпаққа ата-баба дәстүрінің маңызын түсіндіруге бағытталған игі қадам. Ұлттық мәдениетіміздің асыл қазынасын дәріптеу, салт-дәстүрімізді насихаттау - қоғамның рухани кемелденуіне үлкен үлес қосатыны сөзсіз.

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

Баспасөз қызметі