Йокогама Тоин университетінің (Жапония) өкілдерімен кездесу өтті
2025 жылғы 28 наурызда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Йокогама Тоин университетінің (Жапония) өкілдерімен кездесу өтті.
Абай атындағы ҚазҰПУ мен Йокогама Тоин университеті (Жапония) арасындағы академиялық және ғылыми-зерттеу ынтымақтастығын ілгерілету, сондай-ақ дене шынықтыру және спорт саласындағы оқытушылардың біліктілігін арттыруға бағытталған жаңа білім беру бағдарламаларын енгізу мақсатында өткен кездесуге Йокогама Тоин университетінің (Жапония) өкілі, дене шынықтыру және спорт кафедрасының профессоры, PhD докторы Томонобу Сакурай, Стратегия және интернационалдандыру жөніндегі проректор Айгүл Искакова мен Дене шынықтыру және алғашқы әскери дайындық факультетінің деканы Ернар Оспанкулов қатысты.
Кездесу барысында Абай атындағы ҚазҰПУ мен Йокогама Тоин университеті арасындағы ғылыми-білім беру саласындағы ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ дене шынықтыру және спорт саласындағы оқытушылардың біліктілігін арттыруға бағытталған жаңа білім беру бағдарламаларын енгізу жоспарлары қарастырылды.
Кәсіби біліктілікті арттыру курсы лекциялар, семинарлар және шеберлік сыныптарын қамти отырып, қатысушыларға тек теориялық білім алу ғана емес, спорт физиологиясы және дене тәрбиесі саласындағы практикалық дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді деп күтілуде.
Бұл «Дене шынықтыру және спорт» білім беру саласының оқытушыларына арналған және екі университет арасындағы ғылыми академиялық байланысты нығайтудағы маңызды қадам болмақ.


