![]()
04.04.2025 Абай атындағы ҚазҰПУ басшылығы Сауд Арабиясы Елшісінің орынбасарымен кездесті 2025 жылғы 3 сәуірде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Сауд Арабиясы Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің орынбасары Салех Альбедах мырзамен ресми кездесу өтті.
Кездесуге университеттің стратегия және интернационалдандыру жөніндегі проректоры Айгүл Искакова, Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Баян Сапарғалиева, сондай-ақ Филология факультетінің деканы Алуа Танжарыкова қатысты.
Кездесу барысында тараптар білім және ғылым салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктерін талқылады. Атап айтқанда, кітапхана, асхана және ғылыми зертханалар ашу, сондай-ақ студенттер мен оқытушылар арасындағы академиялық ұтқырлықты дамыту мәселелері көтерілді.
Ынтымақтастықтың басты мақсаты - білім беру және ғылыми зерттеулер саласындағы өзара байланыстарды нығайту, студенттер мен профессорлық-оқытушылық құрам үшін жаңа мүмкіндіктер ұсыну болып табылады.
Абай атындағы ҚазҰПУ халықаралық серіктестікті кеңейтуге және білім сапасын арттыруға бағытталған жобаларды іске асыруды жалғастыра береді. Кездесу нәтижелері болашақтағы бірлескен бастамалар мен келісімдердің іргетасы болмақ.
|