қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
08.04.2025

«Ғылыми зерттеулерге негізделген оқытудағы жаңа трендтер» дәрісі


2025 жылдың 8 сәуірінде Ғылым апталығы аясында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Академиялық қызмет жөніндегі проректоры Бану Нарбекова «Ғылыми зерттеулерге негізделген оқытудағы жаңа трендтер» тақырыбында дәріс өткізді.

 

Дәріске факультет декандары, профессорлық-оқытушылар құрамы және университет докторанттары мен магистранттар қатысты.

 

Бану Мұқатайқызы қарқынды өзгеріп жатқан заманда зерттеушілік құзыреттіліктерді дамыту сапалы білім берудің және бәсекеге қабілетті мамандарды даярлаудың маңызды құрамдас бөлігіне айналғанын атап өтті.

 

Дәріс барысында білім беру саласында қолданылып жүрген заманауи зерттеу әдістері кеңінен қарастырылды. Атап айтқанда:

• Lesson Study - оқу сабақтарын бірлесіп жоспарлау, өткізу және талқылау арқылы оқытушылық тәжірибені жетілдіру әдістемесі;

• Action Research - оқытушының өзінің педагогикалық тәжірибесін зерттеу және жақсарту мақсатындағы тәжірибеге бағытталған тәсіл;

• Конструктивизм - білім алушының жеке тәжірибесі, өзара әрекеттестігі мен рефлексиясы негізінде білімді өздігінен құрастыруын көздейтін білім беру философиясы.

Аталған тәсілдер студенттердің білімін тереңдетіп қана қоймай, олардың зерттеушілік құзыреттіліктерін, сыни ойлауын және топта жұмыс істеу дағдыларын дамытуға ықпал етеді.

 

Сонымен қатар, проректор қазіргі білім беру жүйесіндегі негізгі үрдістерге тоқталды:

• практикалық және жобалық оқытуға басымдық беру,

• зерттеушілік дағдыларды академиялық даярлықтың негізгі бөлігі ретінде дамыту,

• оқытушының фасилитатор және тәлімгер ретіндегі рөлін күшейту,

• оқу үдерісіне цифрлық және аналитикалық құралдарды кеңінен енгізу.

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=