қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
10.04.2025

Немат Келімбетовті еске алуға арналған Түркітану бойынша қалалық білім сайысы өтті


2025 жылғы 9 сәуірде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Ғылым департаменті, «Abai LABS» ғылыми-инновациялық паркіне қарасты Немат Келімбетов атындағы Түркітану орталығының ұйымдастыруымен Ғылым апталығы аясында көрнекті ғалым-жазушы Немат Келімбетовті еске алуға арналған Түркітану ғылымы бойынша қалалық білім сайысы өтті.


Сайысқа әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті мен Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті және Сүлеймен Демирел атындағы университеттен құралған 6 команда қатысты.


Жас лингвистер мен әдебиетшілер «Сұрақ-жауап», «Қызық екен», «Тез тап» деп аталатын үш кезеңнен тұрған тартысты бәсекеде өз білімдерін сынады.

 

Сайыс нәтижесінде Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенттері Алуа Жұмахан, Гүлнұр Ахат, Әсем Мергенбай, Ақбота Қонысбай, Жанмейірім Шалабаевадан құралған «Тұмар» командасы І орынды алды. Топ жетекшісі: аға оқытушы Бағила Панзабек.


Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің студенттері Санжар Даярбек, Жұлдыз Орымбекова, Шұғыла Байкенқызы, Аяжан Серік, Ақмаржан Құрмантайдан құралған «Көкбөрі» тобы ІІ орынға ие болды. Топ жетекшісі: ф.ғ.к., доц. Жарқынай Қоқанова.


ІІІ орынды университетіміздің жас әдебиетшілері Ерасыл Аймұхан, Ділназ Орынбай, Арзуми Абдыкадыр, Самал Наметқұл, Ұлпан Жандосқызынан құралған «Күлтегін» командасы алды. Топ жетекшісі: ф.ғ.к., қауымд. проф. Дариға Сатемирова.


Еске сала кетсек, білім сайысы көрнекті ғалым, белгілі жазушы Немат Келімбетовті еске алуға орай ұйымдастырылды. Отандық түркітану ғылымының жарқын өкілі 1937 жылы 4 сәуірде дүниеге келіп, 73 жасында дүниеден өтті. Өмір жасының тең жартысындай бөлігінде ауыр дертпен арпалыса жүріп, рух ерлігінің ерен үлгісін көрсеткен ғалым Абай университеті оқу ордасында дәріс беріп, ұстаздық етті. Саналы ғұмырын ежелгі түркі әдебиетін зерттеуге арнап, ғылыми еңбектерін осы қара шаңырақта жазды. Ғалым-жазушының «Ежелгі дәуір әдебиеті», «Түркі халықтарының ежелгі әдеби жәдігерліктері» ғылыми еңбектері мен «Ұлыма хат», «Үміт үзгім келмейді», «Күншілдік» шығармалары халық арасында кеңінен таралған.

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=