Абай университетінде Ғылым апталығы өз мәресіне жетті
2025 жылдың 14 сәуірінде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде ұлы ойшыл, ақын және ағартушы Абай Құнабайұлының 180 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған дәстүрлі Ғылым апталығының жабылу салтанаты өтті. Бұл апталық білім мен ғылымның тоғысқан тұсында еліміздің ғылыми-зерттеу бағыттарын жаңа белеске көтеруді мақсат еткен маңызды іс-шара ретінде есте қалды.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан «Ғылым апталығы» бұл - ғылымды дәріптеу, жастардың ғылыми шығармашылығына қолдау көрсету, ғылыми жаңалықтарды көпшілікке танытуға бағытталған маңызды шара. Ал биылғы апталықтың ерекшелігі - Абай мұрасын ғылым тілінде тануға ұмтылыс, заманауи педагогиканың дамуындағы ұлттық құндылықтардың рөлін талқылау және болашақ ғалымдарды ынталандыру болды.
Биыл оқу орнының ғылыми әлеуетін дамыту, білім алушылардың ғылымдағы талпыныстарына қолдау көрсету, оларды ғылыми ізденістерге қызықтыру мақсатында «Ғылым апталығы-2025» аясындағы шаралар легі 7-14 сәуір аралығында жүзеге асып, 120-ға жуық іс-шара ұйымдастырылды. Олардың қатарында шетелдік және отандық жоғары оқу орындары ғалымдары мен ізденушілерінің қатысуымен түрлі бағыттағы жиындар, халықаралық ғылыми-практикалық конференциялар, жас ғалымдар арасындағы байқаулар, семинарлар мен тренингтер, шетелдік сарапшылардың дәрістер сериясы, Ted форматындағы кездесулер бар.
Сонымен қатар, Ғылым апталығы «Abai Labs» ғылыми-инновациялық техно-паркінің ашылуынан бастау алып, университетіміздің жетекші ғалымдары, профессор-оқытушылық құрамы мен жас зерттеушілерінің жетістіктері көрмелерге қойылды. Ғылыми-зерттеу бағытындағы жобалар, стартаптар, ғылыми семинарлар мен воркшоптар жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Сондай-ақ, «Abai Labs» ғылыми-инновациялық паркіне қарасты «Білім берудегі VR/AR технологиялары» ғылыми зертхананың ашылу рәсімі өтті. Бұл заманауи білім беру технологияларын дамытуға бағытталған маңызды қадам. Зертхана жаңа буынды виртуалды және толықтырылған шынайылық технологияларын білім беру үдерісіне енгізуге арналған.
Ғылым апталығының жабылу салтанатында университет басшылығы апталық аясында белсенділік танытқан оқытушылар мен студенттерге, қатысушылар мен жас ғалымдарға алғысын білдірді.
Басқарма төрағасы-ректор Болат Тілеп құттықтау сөзінде: «Ғылым - ұлттың даму көзі. Біз тек білім беріп қана қоймай, ғылыми ойдың көшбасшысына айналуымыз керек. Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы аясында ұйымдастырылған бұл Ғылыми апталық - өткен мен бүгінді, рухани мұра мен заманауи ізденісті жалғаған алтын көпір болды», - деп атап өтті.
Салтанатты кеш барысында факультет декандары, профессорлық-оқытушылар құрамы және жас зерттеушілер кеңесі мен ғылыми қызметкерлер Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесі бойынша республикалық референдумды дайындауға және өткізуге белсенді атсалысқаны үшін Қазақстан Республикасының Президентінің Алғыс хатымен, «Ғылыми мектептің сара жолын қалыптастырғаны үшін» жетекші ғалымдар, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Қазақ тілінің мәртебесін көтеруде шығармашылық белсенділік танытқаны, гуманитарлық салада ынтымақтастықты нығайтуға және дамытуға елеулі үлес қосқаны үшін «Ахмет Байтұрсынұлы» төсбелгісімен, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы ерекше еңбегі үшін «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің «Ғылым үздігі» құрмет дипломдарымен, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің Құрмет грамотасымен, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің Алғыс хатымен, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласын дамыту жолында қол жеткен табыстары және оған қосқан үлесі үшін «Алғысы» хатымен, «Ардагер Ғалымдар» номинациясымен, «Факультет пен ғылыми жобаларды табысты басқарғаны үшін» номинациясымен, «Үздік оқытушысы-2024», «Үздік ғылыми қызметкер -2024», «Ғылыми кадрларды даярлаудағы үздік жетекші», «Ғылым апталығында ғылыми іс-шараларды ұйымдастырудағы белсенділігі үшін» марапатымен, Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігінің «Жас ғалым» гранты үшін алғыс хатымен және үздік ғылыми баяндама авторлары, ғылыми жоба жеңімпаздары мен жетекшілері, белсенді зерттеушілер алғыс хаттармен, дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Айта кетейік, Абай атындағы ҚазҰПУ - Қазақстан ғылымының алдыңғы қатарлы орталығы. Университетте соңғы бес жылда 200-ден астам ғылыми жоба жүзеге асып, 5000-нан астам мақала жарық көрді.









