Абай университетінің профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлері арасындағы «Спартакиада - 2025» спорттық шарасының III кезеңі
2025 жылдың 12 сәуірінде Әлеуметтік және жастар саясаты жөніндегі департаментінің ұйымдастыруымен Абай атындағы ҚазҰПУ профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлері арасында «Спартакиада - 2025» спорттық шарасының III кезеңі өтті. Шараның ашылу салтанатына университеттің әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Мақсат Жақауов қатысып, барша қатысушыларға сәттілік тіледі.
Университеттің профессор-оқытушылар құрамы, сала мамандары мен қызметкерлерінің жұмыс уақытынан тыс кезде салауатты өмір салтын қалыптастыру, дене белсенділігін арттырып, ұжымдық қарым-қатынасты нығайту мақсатында ұйымдастырылған жарыста ойыншылар арқан тарту, шахмат, үстел теннисі және волейбол секілді спорттың төрт түрінен бақ сынады.
Осылайша тартысты өткен бәсекеде І орынды университет әкімшілігінен құралған Ректорат командасы иеленсе, ІІ орынды Дене шынықтыру және алғашқы әскери дайындық факультет командасы алды. Ал, ІІІ орынды Математика, физика және информатика факультет командасы місе тұтты.
Сонымен қатар жарысқа белсенді түрде қатысып, жоғары деңгейде өнер көрсете білген Әскери кафедра, Жаратылыстану және география, Филология, Тарих және құқық факультеттерінің командалары мен жүлделі орын иегерлеріне Басқарма төрағасы-ректордың атынан алғыс хаттар, дипломдар мен қаржылай сыйлық жүлде қорлары табысталды.
Шара соңында университеттің әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Мақсат Жақау Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті қызметкерлерінің Кәсіподақ ұйымына «Спартакиада - 2025» спорттық шарасына көрсеткен қолдауы мен демеушілігі үшін алғыс білдірді.
Сондай-ақ, барлық қатысушы командалар мен жеңімпаздарды шын жүректен құттықтап, осындай спорттық шаралар ұжым арасындағы бірлікті нығайтып қана қоймай, дәстүрлі шаралардың біріне айналсын деп тіледі.









