«SENIM-KAZNPU.KZ» Психологиялық қолдау қызметінің платформасы іске қосылды
Абай университетінің Әлеуметтік және жастар саясаты жөніндегі департаментіне қарасты Психологиялық қолдау қызметінің жаңа https://senim-kaznpu.kz онлайн платформасы іске қосылды.
Платформаның басты мақсаты - білім ордасында психологиялық мәдениетті арттыру, студенттердің психологиялық ахуалын цифрлық құралдар арқылы бақылау, сапалы, жүйелі және жедел психологиялық қолдау көрсету.
2025 жылдың 2-10 сәуір аралығында Психологиялық қолдау қызметінің психолог мамандары Senim-KazNPU.kz психологиялық платформасының жұмысын насихаттау мақсатында студенттермен кездесу ұйымдастырды. Кездесуге университетіміздің 8 факультетінен 2500-ге жуық білім алушылар қатысты.
Кездесулердің мақсаты - студенттерді платформаның мүмкіндіктері, психологиялық көмек алу тәртібі туралы ақпараттандыру және студенттердің психологиялық әл-ауқат маңыздылығы жайлы түсінігін қалыптастыру.
Кездесулер барысында Senim-KazNPU.kz платформасының негізгі функциялары таныстырылып, тіркелу және психологты таңдау процесі көрсетілді. Сондай-ақ, ұсынылатын қызметтердің құпиялылық шарттары егжей-тегжейлі түсіндірілді. Стрессті, мазасыздықты алдын алу және өзін-өзі реттеу дағдыларын дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Кездесу барысында студенттер өздерін қызықтыратын сұрақтарды қойып, платформа арқылы жеке консультацияға жазылу алгоритмімен танысты.
Психологиялық қолдау қызметі барлық студенттерге платформаға кіру ашық екенін және білікті мамандар психологиялық сұраныстардың кең спектрі бойынша қажетті қолдау көрсетуге дайын екенін еске салады.



Психологиялық қолдау қызметі