«Abai Library»-де «Артық білім кітапта...» атты кітапхана түні өтті
2025 жылғы 10 сәуірде «Abai Library»-де ғылым апталығы аясында «Артық білім кітапта...» атты кітапхана түні өтті. Шараның мақсаты - жастардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру, Абай мұрасын насихаттау және ғылым мен өнерді ұштастыру.
Іс-шараны университеттің зерттеу қызметі және инновация жөніндегі проректоры Ертай Сұлтан құттықтау сөзімен ашты. Кешке студенттер, магистранттар, докторанттар, сондай-ақ оқытушылар қауымы қатысты.
Шара барысында абайтанушы, С. Қирабаев атындағы қазақ әдебиеті және оқыту әдістемесі кафедрасының аға оқытушысы Дәурен Мұхамадиев Абай Құнанбайұлының шығармашылығы мен оның рухани мұрасы туралы мазмұнды баяндама жасады.
Кітапхана түні концерттік бағдарламамен, танымдық викториналармен және түрлі ойын-сауықтармен жалғасты. Өнер факультетінің 2 курс студенттері Абайдың графикалық портретін салып, оны кітапханаға тарту етті. Сонымен қатар, кеш барысында әлемнің бірнеше тілдерінде Абайдың қара сөздері оқылып, бауырлас Түркіменстаннан келген студенттер өз өнерлерін ортаға салды.
Кеш аясында Абай Құнанбайұлы туралы ғылыми-танымдық деректі фильмдер көрсетілді. Шара соңында белсенді қатысушыларға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.







