«Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйі жәдігерлері сыр шертеді» фотокөрмесі
2025 жылдың 09 мен 14 сәуірі аралығында Ғылым апталығы - 2025 аясында Абай атындағы ҚазҰПУ Филология факультеті Ахмет Байтұрсынұлы орталығында Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің жетекшісі, Ахметтанушы ғалым Райхан Имаханбетпен бірлесіп «Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйі жәдігерлері сыр шертеді» фотокөрмесі ұйымдастырылды. Мазмұны терең танымдық дәріс барысында Райхан Имаханбет фотокөрмедегі әр жәдігерді Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен қызметімен байланыстыра отырып, Алаш мұрасының қазақстандықтардың рухын бекемдеудегі маңыздылығына тоқталды.
Танымдық дәріске Филология факультетінің деканы Алуа Таңжарықова, деканның тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Бекболат Байкараев, академик С.Қирабаев атындағы қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Еділбай Оспанов, қазақ тілі теориясы және оқыту әдістемесі кафедрасының меңгерушісі Нағима Ильясова, Ахмет Байтұрсынұлы орталығының жетекшісі Роза Бақбергенова және «Сөзтаным» ғылыми-танымдық клубының студенттері қатысты. Танымдық дәріске Түркия, Қытай Халық Республикасы, Түрікменстан білім алушылары да қазақ тілінде көркемсөз оқып, түркі әлеміндегі ұлы тұлғалар туралы өз ойларымен бөлісті.
«Қайым Мұхамедханов атындағы білім және мәдениет» қоғамдық қорының директоры Дина Мұхамедхан танымдық дәріске арнайы қонақ ретінде қатысып, студенттерге Қайым Мұхамедхановтың Абайтану ғылымына бүкіл саналы ғұмырын арнағандығын баяндап берді. Сонымен бірге ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы туралы «Семей таңы» газетінде (№4, 1989 жыл, 6 қараша) жарияланған мақала мазмұнымен таныстырды.
Танымдық дәріс соңында Ахметтанушы ғалым Райхан Имаханбет студенттердің ұлы тұлғалар - Абай мен Ахметтің өлеңдері мен нақыл сөздерін мәнерлеп оқыған студенттерге ризашылығын білдірді. Сұхбаттасу барысында сұрақтарға жоғары деңгейде жауап берген студенттерге «Ғасыр саңлағы» (авторы Р. Имаханбет) еңбегін сыйға тартты. «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының 2-курс студенті Шәкәрім Әбілғазыұлы ақын Абайдың «Сегіз аяқ» әнін домбырада әуелете орындап берді.
Факультет деканы шежіреге толы, мазмұнды фотокөрме жүргізгендігі үшін Алматы қаласы музейлер бірлестігінің директоры Ләззат Сағындықованы, Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйі ұжымын, музей жетекшісі Райхан Имаханбеттің тағылымды дәрісі, музей қызметкері Жансая Сманның ұйымдастырушылық жұмыстары үшін Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры атынан алғыс хаттармен марапаттады.
Танымдық кештің модераторы, Ахмет Байтұрсынұлы орталығының жетекшісі Роза Бақбергенова бір апта көлемінде орталықта фотокөрме жалғасатындығын хабарлады.

