![]()
16.04.2025 Үздік студент-2025 2025 жылдың 14 сәуірінде дәстүрлі Ғылым апталығы аясында Абай атындағы ҚазҰПУ Педагогика және психология факультетінің ұйымдастыруымен 2 және 3 курс білім алушылары арасында Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған салтанатты шаралар негізінде «Үздік студент - 2025» байқауы өтті.
Байқаудың негізгі мақсаты - оқуда, студенттік өзін-өзі басқару ұйымында, спортта, шығармашылықта және басқа да қызмет салаларында белсенділік танытып жүрген факультет студенттерін анықтау. Байқауға факультеттің белсенді, үздік оқитын білім алушылары қатысты.
Қазылыққа әділ шешім қабылдап, байқаудың жоғары деңгейде өтуіне үлес қосу үшін университет пен қала көлеміндегі танымал тұлғалар шақырылды: Алматы қаласындағы №1 Оқушылар үйінің директоры Дәуірхан Қожахметов, Информатика және білімді ақпараттандыру кафедрасының қауымдастырылған профессоры, «Болашақ» стипендиясының иегері Алтынбек Мошкалов, Әлеуметтік және жастар саясаты жөніндегі департаменттің «Хәкім Абай» ұлттық тәрбие бөлімінің басшысы Жанар Джаймаханова, «Үркер» жекеменшік мектебінің бастауыш сынып мұғалімі, «Үздік студент - 2022» байқауының 1-орын иегері Аймерек Шубай.
Байқау үш кезеңде өткізілді. I кезеңде өтінім берген 15 студенттің ішінен іріктелген 10 студент келесі кезеңге өтті. II кезеңде студенттер «I`m the best student» тақырыбында өзін-өзі таныстырып, берілген тақырыптар бойынша жобаларын қорғады. III кезеңде «Сен білесің бе?» тақырыбындағы сұрақтарға жауап берді.
Байқау қорытындысы бойынша «Үздік студент - 2025» атағын «Бастауыш білім ақпараттық-коммуникациялық технологиялармен» мамандығының 2-курс студенті Гүлназ Берікқызы иеленіп, I дәрежелі дипломмен марапатталды. II дәрежелі диплом «6В01304 - Бастауыш білім көптілдікпен» мамандығының 2-курс студенті Шахризада Мұғауға бұйырды. III дәрежелі дипломды «6В01901 - Арнайы педагогика: Логопедия» мамандығының 2-курс студенті Ниязхан Темірханұлы иеленді.
Байқау соңында Педагогика және психология факультеті деканының оқу ісі жөніндегі орынбасары Ақтоты Ақжолова қорытынды сөз сөйлеп, студенттерге сәттілік тіледі.
|