Абай университетінің бастамасы: студенттік конференция - мектеп сараптамасында
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Астана қаласындағы Білім беру институты Ғылым күніне орай 2025 жылғы 12 сәуірде «Білім беру жүйесіндегі жас зерттеуші: сыни көзқарас, жобалық шешімдер» тақырыбында I-ші студенттік ғылыми-тәжірибелік конференциясын өткізді.
Ғылыми конференция бірінші курс студенттерінің функционалдық сауаттылығын дамыту, ғылыми еңбектерді зерделеуге баулу, академиялық жазу, ғылыми пікірталасқа түсу, ана тілінде және орыс/ағылшын тілдерінде кәсіби сөйлеу дағдыларын қалыптастыру, білім беру жүйесінің нақты мәселелеріне сыни көзқарас білдіру және ғылыми негізделген жобалық шешімдер ұсынуды үйрету мақсатында ұйымдастырылды.
Институт бастамасын Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті М.Тыныбаева қолдап, мектептермен ынтымақтастықты жолға қоюға жағдай жасады. Бұл тұрғыда Білім беру институты академияның 2021-2023 жылдары жүзеге асырған «Білім және ғылым жүйесін жаңғыртудың ғылыми негіздері» атты ғылыми-техникалық бағдарламасының нәтижелеріне сүйенді. Бағдарламада атап өтілген ЖОО мен мектеп арасындағы мазмұнды байланыс - педагогтерді сапалы даярлаудың басты шарты ретінде ескерілді. Осыған сәйкес конференцияны ұйымдастырушылар қатарына Астана қаласындағы №72 мектеп-лицейі қосылып, іс-шара осы білім беру мекемесінің базасында өткізілді.
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың философия докторы (PhD), қауымдастырылған профессор Бақыт Салманұлы Тоқмурзаев алғысөзінде бұл конференцияның алғашқы рет өткізіліп отырғанын және келесі жылдары дәстүрлі түрде жалғасын табатынын атап өтті. 270-ден астам студенттер қатысып отырғанын, 50-ден астам университет және мектептерден педагогтерінің қатысқанын хабарлап, студенттердің ғылыми ізденіске деген қызығушылығын құптады. Сонымен қатар, білім алушылардың кәсіби құзыреттілігін дамытуда мұндай шаралардың маңызы зор екенін ерекше атап өтті. №72 мектеп-лицейінің ұжымына және басқа мектептерден келген педагог-сарапшыларға алғысын білдірді.
Бірінші студенттік ғылыми конференция қатысушыларына Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының ғылыми жұмыстар бойынша вице-президенті Тәңірбергенова Анар Шынболатқызы құттықтау сөзін жолдады. Білім беру институтының гуманитарлық-жаратылыстану кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Омаров Саят Құсайынұлы, елордалық №72 мектеп-лицейінің директоры Дүйсенова Айман Жұмағалиқызы сөз сөйледі.
Пленарлық отырыс Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің доценті, педагогика ғылымдарының докторы, Ы.Алтынсарин атындағы ҰБА бас ғылыми қызметкері К.Н. Булатбаеваның төрағалығымен өтті. Онда бірінші курс студенттерінің 8 баяндамасы тыңдалды.
Конференцияда келесі 5 секция жұмыс істеді:
1-секция - «Білім беруді цифрландыру және инновациялық құралдар» (модераторлар PhD докторы, қауымдастырылған профессор Тоқмурзаев Б.С., магистр, аға оқытушы Балғожина Г.Б.);
2-секция - «Білім беру үдерісін ұйымдастырудың психологиялық аспектілері» (модератор педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Омаров С.Қ.);
3-секция - «Мектеп пәндерін оқыту әдістемесінің өзекті мәселелері» (модератор Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының бас ғылыми қызметкері, география ғылымдарының докторы, профессор Мазбаев О.Б.);
4-секция - «Мектепте білім берудің әлеуметтік мәселелері: тұлғаны әлеуметтендіру» (педагогика ғылымдарының кандидаты, аға оқытушы Күзембаева А.Т., физика-математика ғылымдарының кандидаты, доцент Ақжігітов Е.Ә.);
5-секция - «EduText: ағылшын тілінде педагогикалық мәселелерді талқылау» (модераторлар магистр, аға оқытушы Шайдикерімова Ғ.А., магистр, оқытушы Еркін Д.).
Пленарлық отырыс «Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасы студенті Айтуғанова Айдананың Абайдың рухани мұрасына арналған «Абай афоризмдері - рухани мұраның қайнар көзі» тақырыбындағы баяндамасымен басталды.
Секциялар жұмысы барысында 123 студенттің 80-ге жуық баяндамалары тыңдалып, жан-жақты талқыланды. Баяндамаларда студенттер функционалдық сауаттылықтарын, кәсіби сөйлеу дағдыларын және білім беру саласындағы өзекті мәселелерге деген сыни көзқарастарын көрсете білді.
Баяндамашылар өздерінің кешегі мектеп оқушысы және бүгінгі болашақ педагогтер көзқарасын ұштастырып, білім берудегі мәселелерге сыни баға беріп, тың идеяларын ортаға салып, оларды негіздей білді.
Студенттер өз баяндамаларында пәндік мазмұн, заманауи оқыту әдістері, инклюзивтік білім беру, бағалау жүйесі, пәнаралық байланыс, шетелдік тәжірибе, ЖОО мен мектеп арасындағы интеграция және оқушылардың оқу мотивациясын арттыру тақырыптарын жан-жақты талдап, өз кәсіби көзқарастарын ұсынды.
Конференция жұмысына мектеп педагогтері сарапшы ретінде тартылды.
Сараптамалық бағалауды Астана қаласы әкімдігінің «Әдістемелік орталығы» МКК Білім беру ұйымдарын аттестаттауға әдістемелік сүйемелдеу бойынша бөлім басшысы Есематова Ақбота Бақытқызы, №72, 60, 82 мектеп-лицейлері, №3 мектеп-гимназия, «Х.Ж. Садвакасов атындағы астаналық мектеп», «Alpamys school», Әлихан Бөкейхан атындағы Binom School ұстаздары, педагог-зерттеушілер, докторанттар мен магистранттар жүргізді.
Конференция қорытындысында 38 үздік баяндамашы I, II және III дәрежелі дипломдармен марапатталды. Сонымен қатар, белсенділік танытқан студенттерге арнайы сертификаттар табысталды.
Астана қаласының №72 мектеп-лицейінің директоры Дүйсенова Айман Жұмағалиқызы бірінші курс студенттерінің қалыптасқан шығармашылық қабілеттеріне жоғары баға беріп, болашақта оларды педагогикалық практикаға қабылдауға дайын екенін білдірді.
Ғылыми конференцияның қорытындысы бойынша арнайы Қарар қабылданды.




