Абай университетінде XVII Республикалық студенттік пәндік олимпиада басталды
2025 жылғы 17 сәуірде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Химия мұғалімдерін даярлау» білім беру бағдарламалары тобы бойынша Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарының студенттері арасында XVII Республикалық студенттік пәндік олимпиаданың ашылу салтанаты өтті.
Ашылу рәсімінде Абай университетінің академиялық қызмет жөніндегі проректоры Бану Нарбекова, Жаратылыстану және география факультетінің деканы Күләш Қаймулдинова және Химия кафедрасының меңгерушісі Жазира Мұқатаева сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Олимпиада ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің бастамасымен 2000 жылдардың басынан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бұл бастаманың басты мақсаты - болашақ мұғалімдердің кәсіби дайындығын жетілдіру, олардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, ғылымға деген қызығушылығын арттыру және дарынды студенттердің әлеуетін ашу.
Қазақстанның индустриялық-инновациялық дамуының мемлекеттік бағдарламасы мен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Білім туралы» Заң аясында қойған міндеттері білім беру процесін жаңғыртуға, инновациялық технологияларды кеңінен енгізуге және жоғары оқу орындары түлектерінің кәсіби құзыреттілігін арттыруға бағытталған. Осы мақсатта республикалық және халықаралық деңгейдегі пәндік олимпиадалар маңызды құрал болып табылады.
Дәстүр бойынша, алдыңғы жылы олимпиадада үздік нәтиже көрсеткен жоғары оқу орны келесі жылғы республикалық кезеңді өткізу құқығына ие болады. 2024 жылы Ш. Есенов атындағы Каспий технология және инжиниринг университетінің базасында өткен XVI Республикалық пәндік химия олимпиадасының жеңімпазы - Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Жаратылыстану және география факультетінің 2 курс студенті Берік Пердебай болды. Осыған байланысты биылғы XVII олимпиада дәл осы университеттің базасында өтуде.
2025 жылғы 17-18 сәуір күндері өтетін олимпиада екі кезеңнен тұрады:
1. Теориялық тур - химия пәндері бойынша күрделі есептерді шешу;
2. Тәжірибелік тур - физика-химиялық талдау әдістерін қолдана отырып, эксперименттік тапсырмаларды орындау.
Абай университеті барлық қатысушыларға табыс тілейді және бұл білім сайысында ең мықтылар жеңіске жететініне сенім білдіреді.








