ҚазҰПУ-да «Abai» тоғызқұмалақ клубы ашылды
2025 жылғы 18 сәуірде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Қазақстан Республикасы Тоғызқұмалақ федерациясының қолдауымен және Әлеуметтік және жастар саясаты жөніндегі департаменттің ұйымдастыруымен «Abai» тоғызқұмалақ клубы ашылды.
Аталған клубтың ашылуы - студент жастар арасында тоғызқұмалақты кеңінен насихаттау, логикалық ойлау қабілетін дамыту және ұлттық спорт түрлеріне деген қызығушылығын оятуға бағытталған игі бастама. Сонымен қатар бұл шара 2024 жылы елімізде өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының маңыздылығын арттыра түсіп, ұлттық зияткерлік мұраны одан әрі ілгерілетуге жол ашады.
Клубтың ашылу салтанатына университет басшылығы, Бүкіләлемдік Тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әлихан Байменов, салалық федерация басшылары, жергілікті мемлекеттік органдар мен Мәслихат өкілдері, қоғамдық ұйымдар мүшелері және студент жастар қатысты. Өз сөзінде Әлихан Байменов тоғызқұмалақтың тек ойын емес, ұлттық мұрамыздың бір бөлігі екенін атап өтіп, Абай университетінде мұндай клубтың ашылуының маңыздылығын ерекше атап өтті.
Айта кетейік, тоғызқұмалақ - Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының аясында қазақ халқының байырғы ұлттық, зияткерлік ойыны ретінде енгізіліп, әлемдік деңгейде насихатталып келеді. Бұл - қазақтың рухани және мәдени қазынасын жаһандық деңгейде танымал етуге бағытталған үлкен қадам.
Еліміздегі тұңғыш жоғары оқу орны базасында құрылып отырған «Abai» клубы студенттік деңгейде отандық тоғызқұмалақ лигаларын дамытуға мүмкіндік береді, сондай-ақ мектеп оқушылары үшін тәлімгерлік орталықтардың қолжетімді болуын қамтамасыз етеді. Алдағы уақытта мұндай клубтарды басқа университеттерде де ашу жоспарлануда.
Ал бұл орайда «Abai» тоғызқұмалақ клубы тұрақты түрде үйірмелер мен шеберлік сабақтарын, университетішілік және қалалық турнирлерді ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Атап айтқанда, клубтың ашылуы ҚазҰПУ ұйымдастырып отырған «Алтын сақа» ұлттық спорттық ойындары аясындағы тоғызқұмалақтан қалалық жарыстарға орайластырылды.










