қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
21.04.2025

Абай университетінде «Мемлекеттік тіл және әлем тілдерін меңгерту жолдары» республикалық дөңгелек үстел өтті

 

2025 жылдың 21 сәуірінде Абай атындағы ҚазҰПУ, Тіл ғылымы зерттеулерін үйлестіру орталығы және «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі Алматы қалалық филиалының ұйымдастыруымен Абай университетінің қабырғасында «Мемлекеттік тіл және әлем тілдерін меңгерту жолдары» атты республикалық дөңгелек үстел отырысы өтті.


Ғылыми жиынның негізгі мақсаты - қазіргі заманауи ғылым және технологиялар дәуірінде білім мен ақпаратқа еркін қол жеткізудің тиімді құралы ретінде көптілділікке ден қою, соның ішінде мемлекеттік тілдің басымдылығын сақтай отырып, әлем тілдерін меңгертудің өзекті тетіктерін қарастыру.


Іс-шараға Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма төрағасы-ректор Болат Тілеп, Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Кәрімбек Құрманәлиев, қоғам және білім саласының беделді қызметкерлері, көптілділік мәселесін зерттеп жүрген полиглот ғалымдар, БАҚ саласының өкілдері, профессор-оқытушылар мен студенттер қатысты.


Жиынның салтанатты ашылуында Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтау жеделхатын оқыды.


Шара барысында сөз алған Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма төрағасы-ректор Болат Тілеп ғылыми отырыстың бағыты мен мақсат-міндеттерін айқындап, Абай университетіндегі білім беру бағдарламаларының 80%-ы қазақ тілінде екенін айтты. Алайда, әлемдік білім кеңістігіне ену үшін шетелдік жетекші университеттермен қарым-қатынас орнатылғанын, сондықтан, ағылшын тілі топтарын көбейту мәселесі қолға алынып жатқанын да тілге тиек етті.


«Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту - әр азаматтың қоғам алдындағы жауапкершілігі деп білемін. Хәкім Абай айтқандай «Толық адам» болу үшін тек білім ғана емес, түйсік пен таным, сана мен жауапкершілік қатар өрілуі тиіс. Біз осы биік мұрат жолында ұлт игілігіне қызмет ететін ұрпақ тәрбиелеуді басты мақсат тұтамыз. Бүгінгі ғылыми жиын барысында айтылатын әрбір пікір, әрбір ұсыныс - ортақ мүддеге қызмет ететін үлкен жобаға айналатынына сенімдімін»,-деді ректор.


Шарада «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» қағидаты негізгі ұстаным ретінде басшылыққа алынып, жастардың тілдік мәдениетін дамыту, олардың зияткерлік әлеуетін арттыру және көптілді ортада бәсекеге қабілетті маман ретінде қалыптасуына жағдай жасау мәселелері талқыланды.


Іс-шара барысында бірқатар іргелі ғылыми еңбектердің тұсаукесері өтті. Атап айтқанда, «Қазақша-орысша-ағылшынша-түрікше тілдесім» жинағы, «Қазақша-түрікше, түрікше-қазақша лингвистикалық терминдер сөздігі», «Қазақша-орысша-ағылшынша жаңа қолданыстар сөздігі» және «Түрік тілінің грамматикасы», «Қазіргі қазақ тілінің неологиясы мен неографиясы» атты оқу құралдары мен «Қазіргі қазақ қоғамының тілдік контенті» атты ғылыми монографиясы көпшілік назарына ұсынылды.


Абай атындағы ҚазҰПУ Зерттеу қызметі және инновация жөніндегі проректор Ертай Сұлтан «Қазақ, ағылшын және испан прозасындағы кеңістік-уақыт құрылымының салыстырмалы талдауы», ф.ғ.д., профессор Таңат Аяпова «The Importance of Native and Foreign Cultures in Foreign Language Education» ( Шеттілдік білім беру: төл мәдениет пен шетел мәдениетінің өзара қатынасының маңыздылығы), ҚР ҰҒА академигі, ф.ғ.д., профессор Зейнеп Базарбаева «Қазақстандағы және жоғары дамыған шет елдердегі жетекші ғылыми мектептердің жетістіктері», ҚР ҰҒА академигі, ф.ғ.д., профессор Ерден Қажыбек «Мемлекеттік және мемлекеттік емес тілдің зерттелу, оқытылу және қолданылуының басты қағидаты», Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы Директорлар кеңесінің тәуелсіз директоры, академик Кәрімбек Құрманәлиев «Мемлекеттік тіл және көптілділік», ҚР ҰҒА академигі, п.ғ.д., профессор Фаузия Оразбаева «Мемлекеттік тілді коммуникативтік парадигма негізінде меңгерту», п.ғ.д., профессор Жаңалық Балтабаева «Жақсыдан да жақсыны іздеу - «тараққи» жолы», ф.ғ.д., профессор Қалбике Есенова «Цифрлық дәуірдегі мемлекеттік тіл контенттерінің өзгерісі» PhD, профессор Алтыншаш Құрманәлі - Шетел тілін ұлттық құндылықтар негізінде оқытудың тиімді тәсілдері» сынды баяндамалар жасалып, белгілі полиглот-ғалымдар ғылыми ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған ұсыныстарын білдірді, сонымен қатар мемлекеттік тіл мәселелерінің маңызды факторларын талқылады.

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=