қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
23.04.2025

Кёнгидо провинциясы білім басқармасының өкілдері (Корея) Абай университетіне ресми сапармен келді


2025 жылғы 23 сәуірде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне Оңтүстік Кореяның Кёнгидо провинциясы білім басқармасының делегациясы губернатор Им Тэ Хи бастамасымен ресми сапармен келді. Құрамында басқарманың түрлі бөлімдерінің директорлары мен инспекторлары, сондай-ақ қоғаммен байланыс орталығының мамандары бар делегацияны университет басшылығы салтанатты түрде қарсы алды.

 

Бұл сапар Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған маңызды оқиға болды.


Университет қабырғасында қонақтарға Абай шығармашылығының әлемдік деңгейдегі ықпалы туралы айтылып, оның туындыларының 60-тан астам тілге, соның ішінде корей тіліне де аударылғаны аталып өтті. 2020 жылы Кореяда «Алтын шаңырақта шырқалған ән» атты жинақ жарық көріп, 2021 жылы Сеул қаласында Абай ескерткіші орнатылған болатын.

 

Кездесу барысында университеттің халықаралық қызметі мен білім беру бағдарламалары таныстырылып, 2021 жылдан бері Шығыстану және аударма кафедрасында корей тілі оқытылып келе жатқаны баяндалды. Қазіргі таңда 369 студент корей тілін меңгеруде, олардың 83-і болашақта корей тілі пәнінің мұғалімі болуға ниетті. Биыл алғашқы 107 түлек осы бағытта университетті тәмамдағалы отыр. Сонымен қатар, академиялық ұтқырлық аясында ҚазҰПУ-дың 8 студенті өткен жылы Корея университеттерінде білім алды.

 

ҚазҰПУ мен Корея Республикасының елшілігі, Корей білім беру орталығы және бірнеше жоғары оқу орындары - Силла, Намсеул, Ханкук, Инха, Хонам және Сувон университеттері арасында тұрақты әріптестік орнатылған.


Кёнгидо Білім басқармасы - Оңтүстік Кореядағы ең ірі аймақтық білім басқармасы. 1956 жылы негізі қаланған бұл мекеме Сеул қаласын қоршаған ең тығыз қоныстанған аймақта орналасқан және елдің білім беру жүйесінің дамуында маңызды рөл атқарады. Басқарма 44 мыңнан астам оқушы мен 5 мыңға жуық қызметкерді қамтитын бастауыш, орта және жоғары мектептердің жұмысын үйлестіреді.

 

Басқарма білім беру саясатын дамытуда, сапаны бақылауда, мектеп инфрақұрылымын жақсартуда, оқытушылардың кәсіби біліктілігін арттыруда және цифрлық технологияларды енгізуде ауқымды жұмыстар жүргізіп келеді. Сонымен қатар, олар жаһандық азаматтықты дамыту, STEAM-оқыту, жасанды интеллект, экологиялық білім беру сияқты бағыттарда инновациялық жобаларды іске асыруда.

 

Кездесу қорытындысында тараптар бірқатар бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға ниет білдірді. Атап айтқанда, кореялық оқушылар мен студенттерге қазақ және орыс тілдерін үйретуге бағытталған қысқа және ұзақ мерзімді курстар ұйымдастыру, ҚазҰПУ студенттері мен магистранттарының Кёнгидо мектептерінде ассистент-мұғалім ретінде тәжірибе алмасуына жағдай жасау, оқытушылармен алмасу, семинарлар мен шеберлік сабақтарын өткізу жоспарлануда. Сондай-ақ, бірлескен жазғы лагерьлер мен мәдени алмасу шараларын өткізу, онлайн конференциялар мен цифрлық жобалар арқылы серіктестікті кеңейту көзделуде. Осы бастамаларды жүзеге асыру үшін ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою, бірлескен онлайн курс немесе пилоттық жоба (жазғы мектеп, ассистент алмасу) әзірлеу және ҚазҰПУ базасында Корей мәдени-ағартушылық орталығын ашу жұмыстары қарастырылып отыр.

 

Бұл кездесу екі ел арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге, болашақ мұғалімдерді халықаралық деңгейде даярлауға және мәдениеттер тоғысында білім берудің жаңа мүмкіндіктерін ашуға бағытталған маңызды қадам болды.

 

  alt=  


  alt=  


  alt=  


  alt=  


  alt=  


  alt=  


  alt=  


  alt=