«Ұлы Жеңіске 80 жыл: Ерліктен Егемендікке» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті
2025 жылғы 29 сәуірде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Академик Т.С. Садықов атындағы жаңа және қазіргі замандағы Қазақстан тарихы» кафедрасының ұйымдастыруымен Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мен Кеңес Одағының Батыры, көрнекті ғалым және педагог Мәлік Ғабдуллиннің 110 жылдығына арналған «Ұлы Жеңіске 80 жыл: Ерліктен Егемендікке» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Конференцияның мақсаты - Ұлы Жеңістің ел тарихындағы маңызын терең зерделеу, отансүйгіштік пен ерлік құндылықтарын жас ұрпақтың санасына сіңіру, сондай-ақ тарихи, мәдени және ғылыми тәжірибе алмасуға жағдай жасау болды.
Ауқымды шараға Қазақстан, Ресей және басқа елдерден келген тарихшылар, әскери сарапшылар, қоғам қайраткерлері, ғылыми-зерттеу мекемелерінің өкілдері мен жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылары қатысты.
Пленарлық отырысты университеттің зерттеу қызметі және инновация жөніндегі проректоры Ертай Сұлтан ашып, конференцияның маңыздылығына тоқталды. Бұдан кейін Қазақстанның Халық Қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев, Ресей ғылым академиясының профессоры Андрей Сперанский, ҚР ҰҒА академигі Ханкелді Әбжанов, сондай-ақ Кеңес Одағы Батырларының ұрпақтары - Рақымжан Қошқарбаевтың қызы Әлия Қошқарбаева мен Мәлік Ғабдуллиннің қызы Мадина Ғабдуллина мазмұнды баяндамалар жасап, тың деректермен бөлісті.
Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның секция бағыттары: Қазақстандықтардың Ұлы Жеңістегі үлесі; Ұлы Жеңіс батырлары мен тұлғалары; М.Ғабдуллин: ерлік пен дәстүр жалғасы; Ынтымақ пен келісім - Тәуелсіздік тұғыры; Білім, ғылым, технология - келешек кілті; Әлем және Қазақстан тақырыптарын қамтыды.
Секция отырыстарында баяндамашылар архивтік деректер мен заманауи зерттеу әдістеріне сүйене отырып, ғылыми тұжырымдар ұсынды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл конференция - тарихи жадымызды жаңғыртып, патриоттық рухты нығайтуға және ұрпақтар сабақтастығын жалғастыруға бағытталған маңызды ғылыми алаң болды.








