«Бәріңді жақсы көремін!»: Алматыда ақын Рахат Әбдірахмановпен әдеби-сазды кеш өтті
2025 жылдың 29 сәуірінде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Foundation факультеті мен Алматы облыстық орталық әмбебап кітапханасының ұйымдастыруымен Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Рахат Әбдірахмановтың шығармашылығына арналған «Бәріңді жақсы көремін!» атты әдеби-сазды кеш өтті.
Кеш аясында ақынның қос кітабы - «Қойын дәптер» және «Бәріңді жақсы көремін» жинақтарының тұсаукесер рәсімі өтті. Шараға арнайы шақырылған қаламгерлер, әдебиет сүйер қауым, жас таланттар және Foundation факультетінің студенттері қатысып, ақынның жүрек тебірентер жырларына куә болды.
Жаңа кітаптарда ақынның өмір мен қоғам, анаға деген сағыныш, махаббат пен мұң жайлы шынайы ойлары көркем тілмен өрнектелген. Әр өлеңнен жүрек жылуы, сырлы сезім мен терең мағына сезіледі.
Кеш барысында ақынның әсерлі жырлары оқылды; қатысушылар автормен еркін сұхбаттасып, шығармашылық ойларын ортаға салды; музыкалық нөмірлер кешті әсем әсермен әрледі.
Бұл кеш - тек әдеби шара емес, рухани құндылыққа, поэзия мен сөз өнерінің құдіретіне деген зор құрметтің белгісі болды.

