қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
19.05.2025

Өндірістік (педагогикалық) практиканың қорытынды конференциясы


2025 жылдың 16 мамырында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Педагогика және психология факультеті, Мектепке дейінгі білім беру және әлеуметтік педагогика кафедрасының ұйымдастыруымен «6B01801 - Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану» білім беру бағдарламасының 4 курс студенттерінің өндірістік (педагогикалық) практикасы бойынша қорытынды конференциясы өтті.


Іс-шараның басты мақсаты - студенттердің оқу-тәрбие процесінде және практика барысында жинақтаған кәсіби тәжірибелерін саралау, практика нәтижелерін талдау, әлеуметтік-педагогикалық құзыреттіліктерінің қалыптасу деңгейін анықтау, сонымен қатар практика базаларымен өзара кері байланыс орнатып, түлектердің кәсіби ортаға бейімделуге дайындығын бағалау болды.


Конференцияда студенттер өндірістік практика кезеңінде жүргізілген жұмыстар бойынша есеп беріп қана қоймай, өздерінің педагогикалық шеберліктерін, шығармашылық қабілеттерін, кәсіби қарым-қатынас дағдыларын іс жүзінде көрсете білді. Олар нақты әлеуметтік мәселелерге байланысты жүргізген іс-шаралар мен жобаларын таныстырып, мектеп ұжымымен және оқушылармен жұмыс жасаудағы тиімді тәсілдерімен бөлісті.


Іс-шараның ұйымдастырушылары, практика жетекшілері - философия докторлары (PhD), қауымдастырылған профессорлар м.а. Анар Алимбекова, Асем Булшекбаева және педагогика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Назира Атемкулова.


Қорытынды конференция жұмысына №168 Қ.Қатықбаева атындағы мектеп-гимназияның практика жетекшісі Еркебұлан Рахатұлы, №173 мектеп-лицейдің әлеуметтік педагогы Назерке Айтбай, №202 мектеп-гимназияның әлеуметтік педагогы Алина Аманкелды қатысып, студенттердің теориялық білімдерін нақты тәжірибемен тиімді ұштастыра білгенін атап өтіп, университетке өз ризашылықтарын білдірді. Мектеп өкілдері ынтымақтастықтың алдағы уақытта да жалғасатынына сенім білдірді.


Сонымен қатар, конференцияда университеттің Академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры Хайрулла Жанбеков, Кәсіби бағдар беру және мансапты дамыту департаментінің директоры Алмас Найманбаев, Педагогика және психология факультеті деканының оқу ісі жөніндегі орынбасары Ақтоты Ақжолова, Мектепке дейінгі білім беру және әлеуметтік педагогика кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты Ұлбосын Қыяқбаева сөз сөйлеп, студенттердің қорытынды есептерін тыңдап, олардың кәсіби және тұлғалық даму деңгейіне оң бағасын берді.


Конференция соңында үздік нәтижеге қол жеткізген студенттер университет тарапынан алғыс хаттармен және арнайы сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар, «Лидер» клубының белсенді мүшелері университет ректорының алғыс хатымен марапатталып, олардың көшбасшылық және бастамашылдық қабілеттері жоғары бағаланды.

 

Аталған қорытынды конференция - болашақ әлеуметтік педагогтердің кәсіби әлеуетін көрсетуге, тәжірибелік білімін тұжырымдауға және кәсіби ортаға сенімді қадам жасауына берік негіз болған маңызды іс-шара ретінде есте қалды.

 

  alt=  


  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  


  alt=