![]()
22.05.2025 Болат Тілеп «Ana tili» газетін 35 жылдық мерейтойымен құттықтады 2025 жылғы 22 мамырда Алматы қаласында қазақ руханиятының қайнар көзіне айналған «Ана тілі» газетінің 35 жылдық мерейтойына арналған салтанатты шара өтті. Іс-шара аясында газет тарихын қамтитын «Ana tili: Алтын қор» кітабының тұсаукесері ұйымдастырылды. Іс-шараның ресми ашылуында Президент кеңесшісі Бауыржан Омаров Мемлекет басшысының арнайы құттықтау хатын оқыды.
Мемлекет және қоғам қайраткерлері, танымал қаламгерлер, тіл жанашырлары мен зиялы қауым өкілдері бас қосқан жиынға «Қазақ тілі» қоғамы Алматы қалалық филиалының төрағасы, Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма төрағасы-ректор Болат Тілеп арнайы қатысып, басылым ұжымын айтулы мерейтойымен құттықтады.
Болат Тілеп өз сөзінде «Ана тілі» газетінің ұлт руханиятының шырақшысы ретінде қалыптасқанын айтып, 90-жылдары халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы қызметін халыққа жеткізуде маңызды рөл атқарғанын тілге тиек етті. Ол сондай-ақ «Ана тілі» мен «Қазақ тілі» қоғамының арасындағы рухани байланысты ортақ мақсатқа қызмет етудің жарқын үлгісі ретінде бағалап, ұжымға зор алғысын білдірді.
Шара барысында Болат Тілеп «Ана тілі» газетінің 35 жылдық тарихында бас редактор қызметін атқарған тұлғаларға Оксфорд сөздігін және «Тіл жанашыры» стелласын салтанатты түрде табыстады.
Аталған мерейтой - «Ана тілі» газетінің ұлт алдындағы тарихи жауапкершілігін тағы бір айғақтай түсті. Бұл басылым саналы оқырманның сенімді серігіне айналып, мемлекеттік тіл мен ұлттық құндылықтарды дәріптеуде көшбасшы платформа ретінде өз орнын нақтылап отыр. Айта кетейік, 35 жылдық тарихы бар «Ана тілі» газеті бүгінде қазақ оқырманының сенімді серігіне айналған, ұлттық сана мен руханиятты көтерудегі көшбасшы басылым ретінде танымал.
|