қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
26.05.2025

ҚазҰПУ өкілдері Семейде өткен Республикалық жастар форумына қатысты


2025 жылғы 23 мамырда Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің бастамасымен Семей қаласындағы Shakarim University-де «Абайдың «Толық адам» ілімі: ұлттық құндылықтар мен заманауи көзқарас» тақырыбында Республикалық жастар форумы өтті.

 

Еліміздің түкпір-түкпірінен келген 70-тен астам ЖОО өкілдері - ғалымдары, оқытушылары, басшылары мен белсенді студенттері қатысқан форумға Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінен әлеуметтік даму жөніндегі проректор Мақсат Жақауов, «Хәкім Абай» Ұлттық тәрбие орталығының бас маманы Нұржан Сарсебаев, Жаратылыстану және география факультетінің студенттік деканы Мырза Аширов және Филология факультетінің студенті әрі университеттің белсенді білім алушысы Бағила Есжан қатысып қайтты.

 

Аталған форумның басты мақсаты - Абай Құнанбайұлының «Толық адам» ілімін жастардың бойына сіңіру, ұлттық құндылықтарды заманауи көзқараспен ұштастыра отырып жастардың рухани-адамгершілік дамуында жетекші рөл атқаратын идеялармен таныстыру.

 

Шара барысында қатысушылар секциялық отырыстар мен пікірталастарға қатысып, өзара тәжірибе алмасып, білім мен тәрбие бағытындағы заманауи тәсілдер төңірегінде ой қозғады. Форум соңына Абайдың Толық адам ілімі жан-жақты түсіндіріліп, танымдық-әдістемелік бағытта қолданысы бойынша шешімдер қабылданды.


  alt=  


  alt=