![]()
27.05.2025 Абай университетінің өкілдері Тироль педагогикалық университетінде Erasmus+ Staff Mobility for Training бағдарламасына қатысты 2025 жылғы 7-17 мамыр аралығында Австрияның Инсбрук қаласындағы Тироль педагогикалық университетінде (Pedagogical University Tyrol, PHT) Erasmus+ бағдарламасы аясында Staff Mobility for Training іс-шарасы өтті. Бұл іс-шараға Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің өкілдері - стратегия және интернационалдандыру жөніндегі проректор Айгүл Искакова мен халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Баян Сапарғалиева қатысты.
Тироль педагогикалық университеті Erasmus+ және Еуропалық Комиссияның қолдауымен жүзеге асырылатын LifeLong Learning бағдарламалары шеңберінде көптеген еуропалық жобаларға белсенді түрде қатысады. Erasmus+ бағдарламасының жаңа буыны аясында Еуропа сыртындағы серіктес университеттермен ынтымақтастықты және оқыту сапарларын қаржыландыру мүмкін болды. Университет педагог кадрларын даярлау мекемелерімен ынтымақтастықты дамыту үшін Израиль, Тайланд, Үндістан, Норвегия, Ирландия, Мальта, Германия, Франция және Қазақстан елдерімен бірқатар гранттар ұтып алды.
Қызметкерлердің академиялық мобильділігі барысында университет серіктестерімен шеберлік сағаттары, тәжірибе алмасу және тренингтер өткізілді. Олар өз университеттерінде жасанды интеллектіні (ЖИ) білім беру жүйесіне енгізу және пайдалану мәселелеріне арналды.
Айрықша мазмұнды баяндамалардың қатарында келесідей презентациялар ұсынылды: Педагогтарды даярлауда генеративті ЖИ-дің мүмкіндіктері мен шектеулерін талқылау, «AI in Education» жобасына шолу - ЖИ-ді сындарлы әрі сыни тұрғыда пайдалану тәсілі ретінде, «Кәсіби білім берудегі цифрлық бағалау және нәтижелерді бақылау», «Жасанды интеллект, зейінді басқару және цифрлық сыныптардағы назар реттеуі», «Білім министрлігіндегі инновациялық формативті бағалау: ЖИ арқылы орындалатын тапсырмалармен күресте белсенді оқытуды тарту» және т.б.
Бағдарлама аясында келесі іс-шаралар ұйымдастырылды: ұлттық австриялық тағамдарды дайындауға арналған интерактивті шеберлік сабағы, Австрияның бастауыш және орта мектептеріне бару және жергілікті мұғалімдермен пікір алмасу, Intercultural Brunch (мәдениаралық бранч) - онда қатысушылар студенттермен бірге өз елдерінің ұлттық тағамдарын таныстырып, мәдени алмасу мен ұлтаралық түсіністікті дамытуға ықпал етті.
Тироль педагогикалық университетіне сапар шетелдік студенттерді қолдау, халықаралық жобаларды жүзеге асыру, академиялық мобильділік және халықаралық ынтымақтастық тәжірибесін ұсыну арқылы университеттің халықаралық академиялық аренадағы орнын нығайтуға және кәсіби байланыстарды кеңейтуге мүмкіндік берді.
|