![]()
02.06.2025 ҚазҰПУ-дың психолог мамандары «Салауатты ұрпақ-ұлт байлығы» атты III халықаралық форумға қатысты 2025 жылдың 29-30 мамыр күндері ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде «Отбасы - тәрбие бастауы» онкүндігі аясында «Салауатты ұрпақ - ұлт байлығы» атты III Халықаралық форум өтті. Іс-шараның мақсаты - жаһандық өзгерістер жағдайында жастарға сапалы білім беру мен психологиялық қолдау жүйесін жетілдіруге бағытталған тиімді стратегиялар мен шешімдерді ұсыну.
Биылғы форумның тақырыбы «Табысты жастар формуласы: тәуекелді басқару жолы». Форумда әлеуметтік жауапкершілікті дамыту, отбасылық құндылықтарды нығайту және жас ұрпақтың денсаулығына қамқорлық жасауды қамтамасыз етудегі бастамалар мен халықаралық әріптестермен тәжірибе алмасу мәселелері қарастырылды.
Ауқымды шараға жоғары санатты психолог мамандар, ЮНЕСКО, ИСЕСКО, БҰҰ, жастар саясаты салалары сарапшылары, Ұлттық комиссия, жергілікті басқарма және құқық қорғау органдары өкілдері, сонымен қатар еліміздің 15-ке жуық жоғары оқу орындарынан және Өзбекстан, Ұлыбритания елдерінің университеттерінен ғалымдар қатысты. Университет ректоры, форум модераторы Лаура Қарабасова қатысушыларға сәттілік тілеп, бұл шара өзекті мәселелерді талқылап қана қоймай, нақты әрекеттерге бастайтын алаң екенін атап өтті.
Пленарлық мәжілісте ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайханқызы жастарға уақытында психологиялық көмек көрсетудің маңыздылығына тоқталды.
ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия Төрағасының орынбасары, саясаттанушы Жұлдызай Искакова Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда берген тапсырмаларын жүзеге асыру аясында Ұлттық комиссия көтерген бастамаларға тоқталды.
Форумға еліміздің түкпір-түкпірінен 500-ден астам мамандар қатысты. Оның ішінде ЖОО Психологиялық қолдау қызметінің мамандары, жастар саясаты, әлеуметтану салалардағы сарапшылар, ғылыми қауымдастық пен практик маман өкілдері қатысқан форумға Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінен Психологиялық қолдау қызметінің үйлестірушісі Саида Қосбай және психолог маманы Алия Мусанова қатысып қайтты.
Форумның екінші бөлімінде психолог мамандар психологиялық тәуекелдер бағытындағы секциялық отырысқа қатысты. Қазақстан Республикасындағы суицидологияның өзекті мәселелері бойынша «Суицидтік мінез-құлықпен сипатталатын депрессиялық бұзылыстар кезіндегі когнитивті-мінез-құлық психотерапияның (СВТ) негіздері» тақырыбында Медицина ғылымдарының кандидаты, жоғары санатты психиатр-дәрігер, психотерапевт, Еуразиялық когнитивті-мінез-құлық психотерапия қауымдастығының вице-президенті, спикер Скляр Сергей Владимирович өз тәжірибесімен бөлісті.
Айта кетейік, Абай университетінің Психологиялық қолдау қызметі 2024 жылы «С.Скляр психотерапия орталығымен» ынтымақтастық меморандумға қол қойған болатын.
Форумның екінші күнінде психолог мамандар «Бүгінгі практикалық психология: қиындықтар, шекаралар және мүмкіндіктері» тақырыбында дөңгелек үстелге қатысты.
Шара барысында жастар арасындағы білім беру және әлеуметтік тәуекелдерді азайту мәселелері талқыланып, өзара тәжірибе алмасты. Шара соңында қатысушлырға сертификат табысталды.
Жұбанов университетінің мамандары форум қатысушыларымен бірге Алия Молдағұлованың 100 жылдығына орай ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Сонымен қатар, Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың облыстық мемориалдық мұражайы мен қаланың көрікті жерлеріне экскурсия болды.
Психологиялық қолдау қызметі
|