![]()
10.06.2025 «Балалардың қабілеттерін диагностикалау мен дамытудың заманауи технологиялары: тәжірибе, проблемалар мен перспективалар» II Халықаралық форумы 2025 жылғы 3-4 маусым күндері Астанада «Балалардың қабілеттерін диагностикалау мен дамытудың заманауи технологиялары: тәжірибе, проблемалар мен перспективалар» тақырыбында II Халықаралық форум өтті. Форумды «El Umiti» корпоративтік қоры Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен ұйымдастырды.
II Халықаралық форум тәжірибе алмасу және қабілеттер психологиясы саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту үшін маңызды алаңға айналды. Оның жұмысына Италия, Словения, Ұлыбритания және АҚШ, Өзбекстан ғалымдары мен практиктері, сондай-ақ отандық зерттеуші ғалымдар қатысты.
Форумға Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті арнайы педагогика кафедрасының профессорлық-оқытушылық құрамы: психология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, арнайы педагогика кафедрасының меңгерушісі Ақбота Аутаева, педагогика ғылымдарының кандидаты Айгүл Байтурсынова және «Арнайы Педагогика» білім беру бағдарламасының бірінші курс докторанты Камила Толендиева қатысты.
Форум аясында Акбота Аутаева «Инклюзивті білім беруді жүзеге асыруға кадрлар даярлаудың өзекті мәселелері» тақырыбында баяндама жасады. Баяндамада инклюзивті білім беру ортасына мамандарды даярлау барысында жоғары оқу орындарының кездесетін негізгі мәселелері кеңінен талқыланды. Білім беру бағдарламаларын жаңарту, пәнаралық тәсілді енгізу, болашақ арнайы педагогтердің кәсіби ұстанымдары мен ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға тиімді қолдау көрсету үшін қажетті практикалық құзыреттерін қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Спикердің баяндамасы форум қатысушылары тарапынан үлкен қызығушылық тудырып, белсенді талқылау тақырыбына айналды.
1 курс докторанты Камила Толендиева «Тірек нүктесі: аутизм спектрі бұзылған (АСБ) балалармен жұмыс жасауда психологқа арналған ресурстар» тақырыбында шеберлік сабағын өткізді. Шеберлік сабағы аясында Камила Төлендиева диагностика мен түзетудің тиімді әдістерін ұсынды, сондай-ақ мамандардың кәсіби өсуіне және олардың жұмыс сапасын арттыруға ықпал ететін практикалық құралдар мен ресурстарды көрсетті. Қатысушылар көтерілген мәселелердің өзектілігін және ұсынылған материалдың практикалық маңыздылығын атап өтті.
|