![]()
13.06.2025 Абай университетінің ректоры Болат Тілеп ХҚТУ ғылыми кітапханасының жұмысымен танысты 2025 жылғы 12-15 маусым аралығында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы - ректоры Болат Тілеп Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне ресми іссапармен барды.
Іссапар аясында ректор университет басшылығымен кездесу өткізіп, екі жоғары оқу орны арасындағы академиялық ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, бірлескен ғылыми жобалар мен зерттеу жұмыстарын жүзеге асыру, ортақ білім беру бағдарламаларын әзірлеу, ғылыми-зерттеу қызметін дамыту, сондай-ақ студенттерге арналған білім беру бастамаларын іске асыру мәселелері жан-жақты қарастырылды.
Кездесу барысында қос тарап бірлескен білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруда келесі басым бағыттарға назар аударуға келісті: Педагогика, жаратылыстану, тарих, түркітану және шығыстану бағыттары бойынша білім беру бағдарламаларын, минор, микробіліктілік курстарын әзірлеу бірлесіп әзірлеу және іске асыру; Мұғалімдер мен оқытушыларға арналған біліктілікті арттыру бағдарламаларын бірлесіп енгізу; Оқыту тәжірибесімен алмасу мақсатында оқытушылар алмасу бағдарламасын ұйымдастыру; Абай атындағы ҚазҰПУ әзірлеген Оқу ағарту министрлігі реестріне тіркелген біліктілікті арттыру бағдарламалары бойынша мұғалімдер мен оқытушыларды оқыту; кәсіптік практикаларды ұйымдастыру; Студенттер, магистранттар үшін академиялық ұтқырлық бағдарламаларын ұйымдастыру, оның ішінде бір семестрлік оқу алмасу; Магистранттар мен докторанттар үшін ғылыми тағылымдамалар өткізу.
Ал, Ғылыми-зерттеу қызметі бойынша: Бірлескен ғылыми жобалар жүргізу және халықаралық гранттарға қатысу; Бірлескен ғылыми жарияланымдар дайындау, журналдар мен жинақтардың редакциялық алқаларына қатысу; Конференциялар, форумдар, дөңгелек үстелдер сияқты ғылыми іс-шараларды ұйымдастыру.
Кездесуде сондай-ақ білім алушылардың кәсіби және академиялық әлеуетін арттыру мақсатында студенттерге арналған білім беру бастамалары да көтерілді: Бірлескен жазғы және қысқы мектептер ұйымдастыру; Жоғары курс студенттері мен түлектер қатысатын тәлімгерлік бағдарламаларды әзірлеу; Үздік студенттер үшін қабылдаушы университеттің базасында оқу және таныстыру тәжірибелерін ұйымдастыру, оның ішінде мұражайлар, зертханалар, ғылыми орталықтар мен туризм және мәдени мұра саласындағы мекемелерде.
Сонымен қатар Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ғылыми кітапханасына арнайы барып, кітапхана қызметімен танысып, әріптестерімен кәсіби тәжірибе алмасу жүргізді.
|