![]()
13.06.2025 Археология әлеміне алғашқы қадам: болашақ ұстаздардың далалық тәжірбиесі 2023 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті мен Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты арасында жасалған ынтымақтастық туралы меморандум аясында университеттің Тарих және құқық факультетінің 1-курс студенттері Алматы облысы, Жамбыл ауданы аумағында орналасқан Бесмойнақ археологиялық кешенінде жазғы далалық археологиялық тәжірибеден өтуде. Тәжірибеге жетекшілік етушілер - PHD аға оқытушы, археолог, Кәсенова Әсемгүл Дәуренқызы және т.ғ.к., доцент Дәулет Құсайынұлы Әбенов.
Биылғы археологиялық маусым жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Университет басшылығы тарапынан студенттерге шатырлар, арнайы археологиялық құрал-жабдықтар, тұрмыстық қажеттіліктер, сондай-ақ қауіпсіздікке арналған құралдар толықтай қамтамасыз етілді. Бұл жағдайлар жас мамандарға нақты ғылыми ортада жұмыс істеу арқылы өздерінің кәсіби біліктілігін арттыруға зор мүмкіндік берді.
Екі аптаға жоспарланған далалық археологиялық экспедиция барысында студенттер кәсіби археологтармен бірге көне қорымдарды зерттеп, ежелгі дәуірлерге тиесілі тарихи жәдігерлерді аршу жұмыстарына белсене қатысты. Олар үшін бұл тек оқу тәжірибесі ғана емес, сонымен қатар ұлт тарихына терең бойлап, тарихи сана мен мәдени мұраға деген ерекше қызығушылықты қалыптастыратын маңызды кезеңге айналды.
Тәжірибе аясында студенттер үшін дәстүрлі түрде "Археологтар қатарына қабылдау" рәсімі ұйымдастырылды. Салтанатты жағдайда болашақ мамандар арнайы ант қабылдап, археологиялық квест форматындағы ойындар мен түрлі кедергілерден өтіп, археология әлеміне ресми түрде қадам басты. Бұл шара олардың кәсіби және рухани қалыптасуына оң әсерін тигізді.
Далалық жұмыстар барысында студенттер археология пәні бойынша 1-курс бойы алған теориялық білімдерін нақты тәжірибемен ұштастырып, тарихи-мәдени ескерткіштерді зерттеудің ғылыми әдістерін меңгерді. Бұл тәжірибе болашақ тарих пәні мұғалімдері үшін ерекше құндылыққа ие. Енді олар мектеп оқушыларына Қазақстанның көне тарихын тек оқулықтар арқылы ғана емес, өз қолымен аршып, көзбен көрген жәдігерлер арқылы шынайы әрі әсерлі түрде жеткізе алады.
Бесмойнақтағы бұл археологиялық тәжірибе - білім мен тәжірибенің, ғылым мен руханияттың, өткен мен болашақтың тоғысқан тұсы. Мұндай бастамалар еліміздің тарихи санасын жаңғыртып, жас ұрпақты мәдени мұраға құрметпен қарауға тәрбиелейді. Ал мұндай орталарда шыңдалған жас мамандар - ертеңгі ұрпаққа ұлттық тарихты сапалы жеткізетін сенімді ұстаздар.
|