қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
23.06.2025

«Балалардың ерте дамуын психологиялық-педагогикалық қолдау» атты шебер сынып

 

2025 жылдың 20 маусымында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университтетінің базасындағы «Педагогикалық білім беруді дамытудың жаңа бағыттары: инклюзия, сапа, ұлттық контекст» тақырыбындағы «Педагогикалық ғылымдар» саласындағы Оқу-әдістемелік бірлестігінің кеңейтілген мәжілісінің аясында Мектепке дейінгі білім беру және әлеуметтік педагогика кафедрасының философия докторы (PhD), қауымдастырылған профессор м.а. Асем Булшекбаева мен педагогика ғылымдарының магистрі, аға оқытушы Айжан Ауезова «Балалардың ерте дамуын психологиялық-педагогикалық қолдау» атты шеберлік сыныбын өткізді.


Шебер сыныптың мақсаты - педагогтердің ерте қолдауға қатысты кәсіби құзыреттілігін арттырып, тиімді әдіс-тәсілдермен тәжірибе алмасу алаңын қалыптастыру.


Іс-шара барысында қатысушылар:
- TEDx форматындағы интерактивті презентациялар мен қысқаметражды бейнематериал арқылы ерте қолдаудың ғылыми негіздерін саралады;
- нақты кейс-жағдаяттар негізінде баланың даму ерекшеліктерін талдап, психологиялық-педагогикалық қолдау бойынша кәсіби шешімдер қабылдады;
- «Бір дағды - бір ойын» атты шығармашылық бөлімде ерте жастағы балалардың дағдыларын дамытуға арналған авторлық ойын құралдарын ойлап тауып, практикалық түрде жасап шығарды;
- «QIMYL BATTLE» сергіту ойыны мен Kahoot платформасындағы рефлексивтік тесттер арқылы теориялық білімдерін бекітіп, командалық әрекет дағдыларын жетілдірді;
- «Жеміс ағашы» әдісімен шеберлік сынып туралы пікір білдіріп, ұсыныстарын ортаға салды.


Шараға университеттің тәжірибелі профессор-оқытушылар құрамы, PhD докторанттары мен жас ғалымдары белсене қатысып, мектепке дейінгі білім беру саласындағы өзекті мәселелер мен заманауи тәсілдер бойынша мазмұнды кәсіби диалог жүргізді. Қатысушылар педагогтің диагностикалық мәдениетін жетілдіру, жеке қолдаудың маңызын түсіну және ерте жастағы баланың әлеуетін дамытудағы ойын мен креативті әдістердің рөлін терең ұғына түсті.


Шеберлік сынып қорытындысында ұйымдастырушылар барлық қатысушыларға алғыс білдіріп, педагогикалық әдебиеттер мен әдістемелік нұсқаулықтарды тарту етті.


Бұл шеберлік сынып мамандардың кәсіби шеберлігін шыңдап, білім беру процесіне жаңашыл серпін берген мазмұнды іс-шара ретінде жоғары бағаланды.

 

  alt=  

 

  alt=