қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
24.06.2025

Ферғана мемлекеттік университетімен академиялық ұтқырлық аясындағы ынтымақтастық


2025 жылғы 5 мен 18 маусым аралығында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Педагогика және психология факультеті мектепке дейінгі білім беру және әлеуметтік педагогика кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Ұлбосын Қияқбаева және педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Алма Айтпаева Ферғана мемлекеттік университетінің шақыруымен «Мектепке дейінгі білім берудің өзекті мәселелері: шешу жолдары және даму перспективалары» атты халықаралық конференцияға қатысып, конференция жұмысына белсене атсалысты. Конференция аясында Ұлбосын Қияқбаева баяндама жасап, тәжірибе алмасты. Сонымен қатар, сапар барысында Ферғана мемлекеттік университетінде (Өзбекстан Республикасы) мектепке дейінгі оқыту мамандығының студенттеріне арналған ашық дәрістер мен практикалық сабақтар өткізілді.


Шетелдік жоғары оқу орындарындағы жұмыстың мақсаты: профессор-оқытушылар құрамының тәжірибе алмасуын Болон декларациясының ережелеріне сәйкес қамтамасыз ету; студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын ынталандыру;бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеу; студенттердің кәсіби құзыреттіліктерін дамытуға бағытталған бағдарламалардың салыстырмалы деңгейлерін енгізу; Орталық Азия кеңістігінде жоғары білім берудің ортақ жүйесін қалыптастыру.


Лекциялар мен практикалық сабақтар барысында оқытушылар жоспарланған тақырыптарға байланысты теориялық және әдістемелік мәселелер бойынша мазмұнды ақпараттар берді.


Оқу пәнінің мазмұны мен тақырыптарына сәйкес студенттерге теориялық дайындықты тереңдетуге, терминология мен ережелерді терең түсініп меңгеруге арналған тапсырмалар ұсынылды.


Сабақ барысында студенттердің аналитикалық қабілеттерін жетілдіру, сын тұрғысынан ойлау қабілетін дамыту, интеллектуалдық, адамгершілікжәне рухани дамуына ықпал ету, сондай-ақ мектепке дейінгі жастағы балалармен жұмыс кезінде шебер сөйлеу қабілетін жетілдіруге бағытталған жұмыстар жүргізілді.

 

Нәтижесінде, пікір алмасу барысында Ферғана мемлекеттік университетінің студенттері мен оқытушылары жағымды пікірлер білдіріп, өзбекстандық студенттер болашақта академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде білім алуға ниетті екендерін жеткізді.

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=