Инновациялық (ІР) білім беру бағдарламасының алғашқы түлектеріне диплом табысталды
2025 жылғы маусымның 30 күні тарихи сәт - Абай университетінде инновациялық ІР бағдарламасының алғашқы түлектері 7М01509 - Цифрлық педагогика (ІР) білім беру бағдарламасы бойынша дипломдарын алды.
Салтанатты іс-шараға Абай университетінің Басқарма төрағасы-ректоры Болат Тілеп, осы жоба аясында дайындықтан өткен отандық тренерлер - Білім беру бағдарламаларын талдау департаментінің директоры Нұржамал Ошанова және Математика, физика және информатика факультетінің деканы Шерипидин Хамраев, бітіруші жас түлектер мен құрметті қонақтар қатысты.
Салтанатты рәсімде университеттің Басқарма төрағасы - ректор Болат Тілеп түлектерді арнайы құттықтап, (ІР) білім беру бағдарламаларының маңызын атап өтті.
«Инновациялық (ІР) білім беру бағдарламасы бойынша болашақ педагог-студенттердің саны туралы айтсақ, көшбасшы әрине - Абай атындағы ҚазҰПУ. Бүгін біз үшін ерекше күн - жаңашыл мазмұндағы бағдарлама түлектерінің алғашқы легін ұшырып отырмыз. 7М01509 - Цифрлық педагогика (ІР) білім беру бағдарламасының алғашқы магистрінің диплом алуы - білім беру жүйесіндегі нақты серпілістің белгісі. Бұл - еліміздегі педагогикалық білімнің жаңа кезеңге өткені мен болашақтың нақты бастамасы»,-деді ректор.
Айта кетейік, Дүниежүзілік банктің қолдауымен әзірленген 30 инновациялық (ІР) білім беру бағдарламасы 2023-2024 оқу жылынан бастап еліміздің педагогикалық кадрлар даярлайтын жоғары оқу орындарында енгізілген болатын.
Осы жобадағы 11 білім беру бағдарламасын әзірлеуде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті көшбасшы ЖОО ретінде белгіленді. Бағдарламаларды дайындауға ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілдері, Назарбаев Университеті және Финляндияның HAMK University, JAMK University халықаралық сарапшылары қатысып, тәжірибе алмасты.
Бұл - Қазақстандағы педагогикалық білім беруді жаңғыртудың нақты қадамы. Инновациялық (ІР) бағдарлама түлектеріне сәттілік тілейміз және олар еліміздің білім сапасын жаңа деңгейге көтеретін заманауи көшбасшылар болатына сенеміз.
