Жаратылыстану және география факультетінің студенттеріне диплом табысталды
2025 жылғы шілденің 1 мен 2 аралығында Абай атындағы ҚазҰПУ Жаратылыстану және география факультетінің студенттеріне диплом табысталды.
Салтанатты шараға Абай университетінің академиялық қызмет жөніндегі проректоры Бану Нарбекова, цифрландыру жөніндегі проректоры Нуркен Мусабаев, Жаратылыстану және география факультетінің деканы Күләш Каймулдинова, Академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры Хайрулла Жанбеков, кафедра меңгерушілері, профессор-оқытушылар құрамы, оқу бітіруші жас түлектер мен олардың ата-аналары және құрметті қонақтар қатысты.
Биылғы 2024-2025 оқу жылында Жаратылыстану және география факультетінен барлығы 765 жас маман оқуды сәтті аяқтап, болашаққа қанат қағып отыр. Оның ішінде 765 бакалавр және 120 магистрант бар. Ал 212 түлек оқу орнын үздік аяқтап, «қызыл диплом» иегері атанды.
Салтанатты кеш барысында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен Абай университетінің Басқарма төрағасы - ректоры Болат Тілептің түлектерге арналған бейнеқұттықтауы көрсетілді. Қос лауазымды тұлға өз құттықтауларында жас мамандарға жүрекжарды тілектерін білдіріп, сәттілік тіледі.
Жиында сонымен қатар оқу озаттары мен қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытқан бірқатар түлек ректордың Алғыс хатымен марапатталды. Сонымен қатар, әрбір бітірушіге естелік ретінде ректор атынан Абай Құнанбаевтың «Қара сөздер» жинағы сыйға тартылды.















