ҚазҰПУ мен Франция Сауда-өнеркәсіп палатасы білім және халықаралық ынтымақтастық мәселелерін талқылады
2025 жылғы 2 шілдеде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Франция Сауда-өнеркәсіп палатасының делегациясымен ресми кездесу өтті.
Франция тарапынан делегацияны Сауда-өнеркәсіп палатасының бас директоры Стивен Бостроем бастап келді. Кездесудің басты мақсаты - өзара ынтымақтастықты дамыту және білім мен ғылым саласындағы халықаралық байланыстарды кеңейту.
Абай университеті тарапынан кездесуге университеттің Басқарма төрағасы-Ректор Болат Тілеп, академиялық қызмет жөніндегі проректор Бану Нарбекова, қаржы және инфрақұрылымды дамыту жөніндегі проректор Камиля Аменова, Сорбонна - Қазақстан институтының директоры Айнұр Сабитова, халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Баян Сапарғалиева және халықаралық жобалар мен ынтымақтастық бөлімі басшысы Әйгерім Тавылдиева қатысты.
Кездесу барысында тараптар жоғары білім беру саласындағы өзекті мәселелер, студенттерге кәсіби бағыт-бағдар беру, ҚазҰПУ мен Франция компаниялары арасындағы болашақ байланыстарды талқылады. Атап айтқанда, ҚазҰПУ студенттерін Францияның жетекші сауда-өнеркәсіп ұйымдарымен таныстыру, тәжірибе алмасу, тағылымдамалар мен бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері қарастырылды.
Кездесу соңында Франция Сауда-өнеркәсіп палатасы Абай университетімен серіктестік орнатуға, ал университет өз кезегінде халықаралық деңгейде тәжірибе алмасуға ашық екенін білдірді.


