ҚазҰПУ шетелдік студенттерді тарту мақсатында қытайлық серіктестермен үшжақты келісім жасасты
Шетел азаматтарының академиялық ұтқырлығын кеңейту және халықаралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мақсатында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Қытайдың Liaoning HZ Education Technology Co., Ltd компаниясымен және International Education Agency халықаралық білім беру агенттігімен үшжақты келісімге қол қойды.
Бұл келісім Қытай мен басқа да елдерден келген шетелдік студенттерді Абай атындағы ҚазҰПУ-ға магистратура және докторантура білім беру бағдарламалары бойынша оқуға тарту үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған.
Ынтымақтастық аясында тараптар университеттің білім беру бағдарламаларын шетелде насихаттау, кәсіби бағдар беру іс-шараларын ұйымдастыру, шетелдік талапкерлерге кеңес беру және оларды оқуға түсу мен оқу барысының барлық кезеңдерінде сүйемелдеу бойынша бірлесіп жұмыс істеуге уағдаласты.
Аталған келісімге қол қою Абай атындағы ҚазҰПУ-дың заманауи ғылыми-білім беру орталығы ретінде халықаралық беделін нығайту жолындағы маңызды қадам болып табылады. Университет алдағы уақытта да халықаралық әріптестікті кеңейтіп, мәдени және академиялық алмасуды дамытуға, сондай-ақ Қазақстанда шетелдік студенттердің білім алуына қолайлы жағдайлар жасауға ниетті.
