қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
03.09.2025

Жаңа форматтағы Ахмет Байтұрсынұлы кітаптарының тұсауы кесілді

 

2025 жылдың 3 қыркүйегінде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми мұрасын арқау еткен «Ахмет Байтұрсынұлы оқулықтарының библиографиясы мен текстологиясы» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.


Жиынды университеттің Басқарма төрағасы - ректоры Болат Тілеп құттықтау сөзімен ашып, Ахмет Байтұрсынұлының қазақ ғылымы мен білім жүйесіндегі орнына тоқталды. Ол ғалымның тіл білімі, әдебиеттану және оқулық жазу ісіндегі ерен еңбегі бүгінгі ұрпаққа үлгі екенін атап өтті.


Конференцияда Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас директоры, филология ғылымдарының кандидаты Анар Фазылжан кіріспе сөз сөйлеп, ғалымның оқулықтарына қатысты тың деректермен бөлісті. Ол Байтұрсынұлы еңбектерінің библиографиялық сипаттамасы мен текстологиялық ерекшеліктері жайлы мазмұнды баяндама жасады.


Сондай-ақ ғылыми жиын барысында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің филология ғылымдарының докторы, профессор Алмасбек Әбсадық, түркітанушы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Аманқос Мектептегі және басқа да зерттеуші ғалымдар өз ғылыми еңбектерін ортаға салды. Олар Байтұрсынұлы оқулықтарының тарихи мәні мен ғылыми құндылығына тоқталып, осы бағыттағы зерттеулердің болашағы туралы пікір алмасты.


Конференция аясында Ахмет Байтұрсынұлының мұраларын заманауи форматта таныстыру мақсатында екі маңызды кітаптың тұсаукесері өтті: «Оқу құралы» басылымдарының графикалық проекциясы және «Тіл жұмсар» басылымдарының графикалық проекциясы. Бұл еңбектерде Ахмет Байтұрсынұлының оқулықтары заманауи цифрлық өңдеумен қайта құрастырылып, ғылыми айналымға жаңаша тәсілмен ұсынылып отыр.


Іс-шара Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығынан кейін де ғалым мұрасына деген ғылыми қызығушылықтың жоғары екенін көрсетті. Конференция қорытындысында қатысушылар болашақта Байтұрсынұлы оқулықтарына арналған кешенді зерттеулерді жалғастыру қажеттігін атап өтті.



 

  alt=  

  alt=    alt=  


 


  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=