қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
11.09.2025

Есірткімен күрес: Алматыда спортшылар студенттермен кездесті


Іс-шара аудан прокуратурасының ұйымдастыруымен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде өтті.
Жастар арасында суицид пен есірткіге тәуелділік азаймай тұр. Алматының бір ғана Медеу ауданында жыл басынан бері 4 өз-өзіне қол салу фактісі тіркелген, деп хабарлайды Almaty.tv.


Бүгінде құзырлы орган қызметкерлері аталған мәселенің алдын алу мақсатында ауқымды жұмыстар атқарып жатыр. Кезекті іс-шара аудан прокуратурасының ұйымдастыруымен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде өтті. Жиында студенттерге салауатты өмір салты насихатталып, есірткінің денсаулыққа, қоғамға тигізетін зияны айтылды. Жасөспірімдермен кездесуге грэплингтен Азия чемпионы Нұрсұлтан Орынбасаров, кәсіпқой боксшы Қанат Ислам және аралас жекпе-жек шебері Жұман Жұмабеков арнайы келген. Олар жастарды табандылық танытып, спортпен белсенді айналысуға және дұрыс таңдау жасауға шақырды.

Ал ұйымдастырушылар мұндай іс-шаралар Мемлекет басшысының Жолдауындағы тапсырмалардың орындалуына серпін беріп, саналы әрі мықты ұрпақ тәрбиелеуге жол ашады дейді.

«Президент Жолдауында жастарға бағыт көрсетіп, оларға мүмкіншілік беру керек екенін айтты. Мамандық таңдау, елге, жерге қызмет ету мәселесін де тілге тиек етті. Соған байланысты болашағамыз жастарға кез келген істе табандылық пен төзімділік танытып, есірткіден аулақ болуға кеңес айтылды», - деді Медеу ауданының прокуроры Ізбасар Масақбаев.

«Елдің болашағы - жастар. Аз да болса өмірден түйгеніміз бар, жетістікке жетіп, қиындықтарды бағындырып жатырмыз. Білгенімізді бөлісіп жатқан жайымыз бар», - деді кәсіпқой боксшы Қанат Ислам.

 

 

11.09.2025

Ақпарат көзі: almaty.tv

    

  alt=