қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
19.09.2025

PHD ДИПЛОМДАРЫ ТАБЫСТАЛДЫ


2025 жылдың 19 қыркүйегінде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде постдокторантура бағдарламасын сәтті аяқтаған жас ғалымдарға және диссертациялық кеңестерде сәтті қорғаған докторанттарға PhD дипломдарын салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті. Сонымен қатар, іс-шара 2025-2026 оқу жылында қабылданған 1 курс докторанттарымен ғылыми-зерттеу жұмысын ұйымдастыру бойынша ақпарат берумен жалғасын тапты.


Іс-шараны Абай университетінің зерттеу қызметі және инновация жөніндегі проректоры Ертай Сұлтан ашып, мемлекет тарапынан ғылыми зерттеулерді жандандыруға, жас ғалымдарды қолдауға ерекше көңіл бөлініп отырғанын айтты. Сондай-ақ, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінен университетке 207 грант бөлінгенін, оның 200-і игерілгенін ерекше атап өтті.

 

-Абай университетінде 2019 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан профессор-зерттеуші мен постдокторанттардың бағдарламасы жылдан жылға оң нәтиже беріп келеді. Бағдарлама ашылғанда 2 профессор-зерттеуші мен 3 постдокторант қабылданған болса, бүгінгі таңда аталмыш бағдарламаны университет басқармасының қолдауы нәтижесінде постдокторанттардың саны 32-ге, ал профессор-зерттеушілердің саны 18-ге жетті. Осы бағдарламаның университет ғылымын дамытуда профессорлардың ғылыми әлеуетін тиімді пайдалану мен жас ғалымдардың зерттеу дағдыларын дамыту мүмкіндіктерін арттырып отырғандығы ақиқат, - деді Ертай Сұлтан. Оның айтуынша, осындай қолдаудың нәтижесінде Абай университеті ғылыми-зерттеу қызметінің сапасын арттырып, Қазақстандағы жетекші ғылыми орталықтардың біріне айналып отыр.


Осылайша шара барысында постдокторантура бағдарламасын сәтті аяқтаған 3 жас ғалымға арнайы куәлік, ал диссертациялық кеңестерде сәтті қорғаған 14 докторантқа PhD дипломдары табысталды.


Ал ғылыми-зерттеу жұмысын ұйымдастыру бойынша ақпарат беру барысында проректор Абай университетінің даму стратегиясына сәйкес педагогикалық зерттеу университеті мәртебесіне көшудің алғышарттарымен таныстырды.


Кездесу аясында университеттің ҒЗЖ және ғылыми кадрларды даярлау басқармасының бастығы Г.Байымбетова қорғауға байланысты соңғы нормативтік-құқықтық актілерге енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға тоқталып, баяндама жасады. Ғылым департаменті директорының м.а. М.Абсатова докторанттардың зерттеу тақырыптары орта білім берумен байланыстыруға және педагогикалық, ғылыми-зерттеу тәжірибелерін «Abai LABS» ғылыми-инновациялық паркінде өту бойынша ақпарат берді. «Abai LABS» ғылыми-инновациялық паркінің жетекшісі зертхана мен орталықтардың басшылары докторанттарды парктің жұмысымен, ғылыми-тәжірибелік бағытымен таныстырды. Сонымен қатар, еркін форматта өткен кездесуде Ғылым департаментінің қызметкерлері тақырып таңдау, ғылыми тағылымдама, шетелдік ғылыми кеңесші бекіту, сондай-ақ докторанттардың уақтылы қорғауға шығуы және жарияланымдарына қатысты қойылған сұрақтарға жауап берді.


Бұл іс-шара университетіміздің ғылыми әлеуетін нығайтудағы жүйелі жұмыстың жемісі ғана емес, сонымен бірге жас ғалымдардың болашағына сенім артып, оларды кәсіби тұрғыда қолдауға бағытталып отыр.


Абай атындағы ҚазҰПУ
Баспасөз қызметі

 

 

  alt=  

 

 

  alt=  

  alt=  

  alt=  

 

 

  alt=  

 

 

 

  alt=