![]()
29.09.2025 «ТӘРБИЕШІ – БАЛА ЖАННЫҢ БАҒБАНЫ» АТТЫ АУҚЫМДЫ ІС-ШАРА ӨТТІ 2025 жылғы 26 қыркүйекте Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің мектепке дейінгі білім беру және әлеуметтік педагогика кафедрасы Халықаралық тәрбиешілер күніне орай «Тәрбиеші - бала жанның бағбаны» атты ауқымды іс-шара өткізді.
Іс-шараның мақсаты - мектепке дейінгі оқыту мен тәрбиелеу мамандығының маңыздылығын айқындап, болашақ мамандардың бойында педагогикалық инновациялар мен шығармашылық бастамаларды дамыту, сондай-ақ кәсіби ынтымақтастықты нығайту болды.
Іс-шараны университеттің академиялық қызмет жөніндегі проректоры Бану Нарбекова ашып берді. Ол педагогикалық қауымдастық үшін мұндай кездесулердің маңызын атап өтіп, білім мен тәжірибені ұштастырудың өзектілігін жеткізді.
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мектепке дейінгі білім беру департаментінің директоры Манара Адамова және «Балаларды ерте дамыту институтының» директоры Мария Ерманова мектепке дейінгі білімнің даму бағыттарына тоқталды.
Сонымен қатар, Педагогика және психология факультеті деканының міндетін атқарушы Ақтоты Ақжолова мен Алматы қалалық мектепке дейінгі ресурстық орталығының бас маманы Жанар Анварбекова да шараға қатысып, өз ойларымен бөлісті.
Онлайн форматта Қазақстан мен шетелдің жетекші мамандары сөз сөйледі. Украинадағы М. Дрогоманов атындағы ұлттық жоғары оқу орнының профессоры Анна Цветкова және Өзбекстандағы Ферғана мемлекеттік университетінің деканы Бегзод Байджанов халықаралық тәжірибелерімен бөлісті.
Кафедра оқытушылары да шығармашылық шаралар ұйымдастырды. Еркебаева Сауле мен Айжан Ауезова «Шабыт пен шеберлік» атты шеберлік сағатын өткізсе, Галия Абылбакиева 2-4 курс студенттері арасында «Бабалар ізімен қиял әлеміне» атты ертегілер конкурсын ұйымдастырып, жеңімпаздарды марапаттады.
Ал Жанна Асанханованың дайындаған «Бала тілі - бал» атты бейнеролигі мен бүлдіршіндердің жүрекжарды құттықтаулары көрермендерге ерекше әсер сыйлады.
Іс-шараның соңында педагогика ғылымдарының кандидаты Назира Атемкулова студенттермен бірге «Тәрбиеші - ұстаз» хорының әсерлі өнерін паш етті.
Сөз соңында кафедра меңгерушісі Ұлбосын Қыяқбаева қатысушыларға алғысын білдіріп, бірінші курс студенттерін жаңа оқу жылының басталуымен, сондай-ақ мектепке дейінгі білім беру саласының барлық әріптестерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, толағай табыс тіледі.
|