ДОКТОР КЛЕА ФЕРНАНДЕС АБАЙ АТЫНДАҒЫ ҚАЗҰПУ-ДЕ LESSON STUDY БОЙЫНША СЕМИНАР-ТРЕНИНГ ӨТКІЗДІ
2025 жылдың 29 қыркүйегінде ЮНЕСКО кафедрасының Педагогикалық инновациялар және Action Research орталығы «Lesson Study әдісіне тереңдетілген көзқарас» тақырыбында университеттің ментор-зерттеушілеріне арналған семинар-тренинг ұйымдастырды. Шақырылған сарапшы - білім беру психологиясы саласының сарапшысы, доктор Клеа Фернандез.
Семинарда ментор-зерттеушілердің Action Research пен Lesson Study сияқты тәжірибеге бағытталған зерттеу әдістерін факультеттерде таратудағы рөлі мен функцияларына ерекше назар аударылды.
Қатысушылар Lesson Study әдісінің негізгі қағидаттарын талқылап, пікір алмасты және жаңа инсайттармен бөлісті:
• Маңыздысы - сабақтың өзі емес, оған дайындық пен бірлескен жұмыс үдерісі;
• Lesson Study оқу мақсаттары мен студенттердің қажеттіліктеріне бағытталған;
• Бұл - барлық қатысушылар бір-бірінен үйренетін бірлескен зерттеу үдерісі;
• Lesson Study - сабақ барысында алынған деректерге негізделген тәжірибелік зерттеу түрі.
Семинардың басты идеясы - Lesson Study әдісін 4-курс студенттерінің дипломдық жұмыстары мен жобаларына енгізу, сондай-ақ оқытушылардың кәсіби және тұлғалық дамуының тиімді құралы ретінде жеке тәжірибесіне интеграциялау болды.
Алдағы уақытта Педагогикалық инновациялар орталығының қызметкерлері доктор Клеа Фернандезпен бірлесіп, барлық дипломдық жоба жетекшілеріне, университет оқытушыларына және педагогикалық практикадан өтетін студенттерге арналған фасилитациялық сессиялар мен кеңестер өткізетін болады.
Семинар тәжірибе алмасу, жаңа тәсілдерді қалыптастыру және ментор-зерттеушілерді әріптестері мен болашақ мұғалімдермен жұмысқа даярлау алаңына айналды.