![]()
06.10.2025
ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖӘНЕ ҚАЗІРГІ ЖАСТАР Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика университетінің қабырғасында «Жасанды интеллект және қазіргі жастар» тақырыбында студенттермен кездесу өтті. Онда университет базасында құрылған «ABAI DIGITAL» платформасының мүмкіндіктері мен ерекшеліктері түсіндірілді. Сонымен қатар, жастар жаһандық деңгейде өзекті мәселеге айналған жасанды интеллект (ЖИ) технологияларын педагогикалық бағытта пайдалану күрделіліктерін талқылады. Жасанды интеллект қоғамның, әсіресе жастардың дүниетанымына, сана-сезіміне көп ықпал етіп жатқаны белгілі. Бұл жаһандық үдерісті тоқтату мүмкін емес, тиісінше оны өмір салтында пайдалы мақсатта қолдануды үйрену қажет. Осыны сездірген кездесу барысында Цифрландыру департаментінің маманы Абзал Қуатов студенттерге жасанды интеллект жүйесінің пайдалы тұстарын жіліктеп берді. Сондай-ақ, білікті маман университет базасында құрылған «ABAI DIGITAL» платформасының ерекшеліктері туралы айтып берді. – Жасанды интеллект өмір сапасын жеңілдетеді. Сізге қажетті мәтінді немесе іздеген деректі жылдам табуға болады. Егер білімді маман болғыңыз келсе ЖИ технологияларын дұрыс меңгеруіңіз қажет. Студент ретінде қарапайым берілген тапсырманы тереңдетіп оқуға, өзге тілде жазылған ақпараттарға қол жеткізуге мүмкіндік береді, – дейді спикер. Абзал Қуатов студенттің таңдаған тақырыбын қалай, қандай бағытта зерттеуге болатынын айтып, тереңдетіп оқу, ғылыми негіздемесін табу мақсатында жасанды интеллект қалай жол көрсететінін де жеткізді. – Мысалы, диплом жазуға таңдаған бағытыңыз бойынша қазақ тілінде және шет тілдерде сізге қандай кітаптарға шолу жасау қажеттігін көрсетеді. Зерттеу жұмысыңыздың ғылыми жаңалығын айқындауға, шетелдік және отандық сарапшылардың пікірін табуға көмектеседі. Яғни, қарапайым кеңесші ретінде қолдана аласыз, – деп ЖИ-дің құрал екенін баяндады. Қазіргі таңда жастар «Siri», «Google Assistant», «ChatGPT», «Claude», «DeepSeek» сияқты ақпараттық жүйелерді қолдана отырып, көкейдегі кез келген сұраққа жауап іздейді. Тіпті, күнделікті кездесетін оқиғаларда қалай әрекет етуді ЖИ-ден сұрайтындары да бар. Бұл – жасанды интеллекттің жастар арасында кеңінен қолданысқа ие екенін көрсетеді. Жасанды интеллект жүйелерін мүмкіндігінше жаңашылдыққа, кәсіпкерлікке, ғылыми ізденіске қолданудың тиімділігі жоғары. Осы бағытта біраз студент өз ойларын ортаға салып, білім алу жолында пайдасын да алға тартты. Айталық, оқытушы берген тапсырманы көркем безендіріп, тақырыпты толықтай ашу үшін қолдануға болады. Педагогикалық әдіс-тәсілдерді жаңарту, жаңаша шеберліктерді үйрену, практикалық дағдыларды нығайту мақсатында да көмектесе алады. Мәселен, Абай университетінің 3-курс студенті Аяжан Махамбет «Әлеуметтанулық зерттеулер мен ақпараттық көздермен жұмыс жүргізу мүмкіндігі» деген тақырыпта студенттер арасында онлайн-сауалнама жүргізгенін, ал деректерді сараптау кезінде ЖИ-дің өзіне көмектескенін жеткізді. «Бұл – менің зерттеу жұмысымды тереңдетуге мүмкіндік берді» дейді студент.
Қазіргі таңда ЖИ ғылым-білімнің, өнеркәсіп пен индустрияның түрлі салаларында қолданысқа енгізіліп жатыр. Педагогика бағытында білім алу үдерісінде де дұрыс қолдану маңызды. Өйткені, оның да ғаламтор сияқты пайдасы және зияны бар. Адами капиталды дамыту үшін ЖИ сыни және креативті ойлау қабілетін қалыптастыруға құрал болуы қажет. Сонда ғана ЖИ жүйесі адамды емес, адам оны басқара алады.
|