қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
07.10.2025

АСТАНАДА V ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЭНДАУМЕНТТЕР ФОРУМЫ ӨТТІ


Жуырда Астана қаласында «Эндаументтер және тұрақты даму: болашаққа инвестициялар» тақырыбында V халықаралық эндаументтер форумы өтті. Бұл форумға АҚШ, Ресей, Қытай, Түркия, Польшадан келген қонақтар мен ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінен, инвестициялық компаниялардан, бизнес-қоғамдастықтан және еліміздің 40-тан астам жоғары оқу орнынан өкілдер қатысты.


Эндаументтер - бұл білім беру, ғылым, мәдениет және басқа да маңызды салаларды қаржыландыруға арналған тұрақты қаржылық қорлар. Мұндай қордағы бастапқы капитал сақталып, тек пайдасы мақсатты жобаларды дамытуға жұмсалады. Әлемде эндаумент қорларының тарихы 19 ғасырдың ортасынан басталады, ал Қазақстанда бұл институт салыстырмалы түрде соңғы онжылдықта қалыптасты. Елдегі алғашқы ірі эндаументтер жоғары оқу орындарында құрылған және олар білім мен ғылымды қолдау үшін маңызды құралға айналды.


Форумда ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлназ Көбенова құттықтау сөз сөйлеп, эндаумент қорларының білім мен ғылымның болашағы үшін маңыздылығын атап өтті. Шетелдік спикерлер мен қазақстандық ЖОО жетекшілері өз тәжірибелерімен бөлісті. Бұл іс-шара еліміздегі эндаумент институтын дамытуға және білім саласындағы тұрақты қаржыландыруды қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам дей аламыз.


Қазақстандағы эндаументтер білім мен ғылымды қаржыландырудың жаңа форматы ретінде қарастырылған. Олар ғылыми зерттеулерді, инновациялық жобаларды, талантты студенттер мен ғалымдарды қолдауға бағытталған ұзақ мерзімді инвестициялар мен тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Қазіргі таңда эндаументтер саны артқан сайын олардың басқару тәжірибесін жетілдіру және халықаралық тәжірибемен бөлісу маңызды мәселеге айналды. Бұл Қазақстанның білім беру жүйесін нығайтып, ғылыми әлеуетін арттыруға септігін тигізеді деген үміт бар.


Қазақстан үкіметі мен білім беру саласының жетекшілері эндаументтерді дамыту арқылы еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ерекше көңіл бөліп отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар болашақта білім мен ғылымның тұрақты дамуына және инновациялардың кеңінен қолданылуына мүмкіндік береді.


Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-да өткен форум жұмысына Абай атындағы ҚазҰПУ-дан Түлектер қауымдастығының жетекшісі Болатбек Нұрбатыров қатысып, эндаумент қорлары туралы маңызды ақпараттар бойынша тәжірибе алмасып қайтты. Қазақстандағы эндаументтер институтын дамытуға ерекше серпін беретін басқосуда еліміздің білім мен ғылым саласын тұрақты қаржыландыру мәселелері кеңінен талқыланды. Соңында қатысушылар эндаументтер қауымдастығын құру және Қазақстанда мақсатты капиталдар институтын дамыту жөнінде резолюция қабылдады. Онда эндаумент қорларына деген сенімді арттыру және білім-ғылым үшін жаңа мүмкіндіктер ашу қажеттігі қарастырылған.


Абай атындағы ҚазҰПУ
Баспасөз қызметі

 


     


  alt=