қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
08.10.2025

ТҰРМЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ


Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес: заманауи сын-тегеуріндер мен Франция тәжірибесі» тақырыбында құқықтық диалог өтті. Іс-шараның басты спикері - Француз Республикасының Адам құқықтары жөніндегі Төтенше және өкілетті елшісі Изабель Ром.


Қазақ халқының мейірімділігі мен қонақжайлығын ерекше атап өткен француздық елші Изабель Ром адам құқықтарының маңызын, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың қоғамға әсерін және Францияның осы саладағы тәжірибесін кеңінен баяндап берді. «Адам құқықтарын қорғау қоғамдық еркіндік пен бейбітшілікті сақтауда маңызды рөл атқарады. Заң - адамдардың тыныш өмір сүруіне мүмкіндік беретін негізгі құрал. Заң болмаса әлеуметтік теңсіздік орнап, адам құқығы жерге тапталады. Әр адамның хақысы - бейбітшіліктің кепілі» деген Адам құқықтары жөніндегі елші 1948 жылы қабылданған Адам құқықтарының декларациясы мен БҰҰ-ның құрылуы адамзаттың бейбіт өмірге ұмтылысының нәтижесі екенін баса айтты.


Осы салаға байланысты Францияның көзқарасын жеткізген Изабель Ром өз тәжірибесінен де мысал келтірді. Ол ұзақ жылдар бойы әйелдерге жасалған зорлық-зомбылық пен кісі өлтіру істеріне төреші болған. Небәрі 23 жасында Франциядағы ең жас судья атанған Изабель, Лион қаласында көбіне әйелдердің ісін қараған, тіпті олардың түрмедегі қиын жағдайларын өз көзімен көруден де қашпаған. Бүгінгі таңдағы қызметі - барлығы жаны қиналған әйелдер үшін екенін атап өтті.


Бір ескерері, 2019 жылы Франция үкіметі тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы «Брюнель заңын» қабылдаған екен. Заңның аясында зорлық-зомбылық құрбандарын қорғаудың бірыңғай жүйесі енгізілген. Яғни, әйелдер арыз жазбай-ақ көмек сұрай алады. Арнайы дайындалған батырма немесе білезіктер бірден құзырлы органға шағымдануға мүмкіндік береді. Ал қысым көрген нәзік жандылар уақытша баспанамен, жұмыспен қамтылып, психологиялық қолдауға, балаларының күтіміне көмек көрсетіледі.


Изабель Ромның пікірінше, отбасылық зорлық-зомбылық жеке мәселе емес, шаңырақ астындағы кесапатты жасыру - зорлықты заңдастырумен тең. Фемицид - махаббаттан емес, иелік етуден және қызғаныштан туатын қылмыс дейді ол. Сонымен қатар, психологиялық зорлық - физикалық зорлық сияқты қауіпті, моральдық қысым жәбірленушіні рухани тұрғыда күйрететінін жеткізді. Одан балалар да зардап шегіп, психикалық жарақатқа душар болуы да мүмкін.


Құқықтық диалогтың модераторы ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы, заң ғылымдарының докторы Игорь Рогов болды. Ал үйлестірушісі Абай атындағы ҚазҰПУ Сорбонна-Қазақстан институтының директоры, ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары, заң ғылымдарының докторы, профессор Айнұр Сабитова.


Жиынға ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия мүшелері, Абай атындағы ҚазҰПУ Сорбонна-Қазақстан институтының және Лотарингия университеті филиалының профессорлары, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Қонаев университеті мен Нархоз университетінің жас зерттеушілері мен студенттер қатысты. Олар құқықтық іс-шара барасында спикерге өз сұрақтарын қойып, тұщымды жауап ала алды.


Франция елшісі қазіргідей әлемдегі сындарлы оқиғалар кезінде адам құқығы мен қоғамдық тыныштық басты мәселе екенін жеткізді. Оны расында бағалаған жөн.

 

Абай атындағы ҚазҰПУ
Баспасөз қызметі

 


  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=