қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
09.10.2025

БІЗДІҢ СТУДЕНТ — MISS ALMATY 2025


Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Тарих факультеті «Мәдениеттану» мамандығының 4-курс студенті Лаура Ақтаева «Miss Almaty – 2025» байқауының жеңімпазы атанды.

 

Алматы қаласында өткен «Miss Almaty – 2025» сұлулық пен өнер додасының финалында еліміздің ең ірі мегаполисін таныстыратын лайықты үміткер таңдалды. Кастингке қатысқан 700-ден астам үміткердің арасынан алты айға созылған іріктеуден тек тоғыз сұлу финалға шыққан. Нәтижесінде «Miss Almaty – 2025» тәжін Абай университетінің студенті Лаура Ақтаева иеленіп, былтырғы жеңімпаз Елдана Сауранбаева бұл мәртебелі марапатты салтанатты түрде табыстады.

 

Байқауда жас ерекшелігіне шектеу қойылмаған. Онда сұлулықпен қатар интеллект, өнер мен жан-жақты дайындыққа ерекше мән берілген. Байқау бірнеше кезеңнен тұрды: би және өзін таныстыру, «Қайрат» футбол командасының арнайы киімдерімен хореография, ⁠ отандық дизайнерлердің эксклюзив топтамаларымен сән сахнасына шығу, демеушілер ұсынған образдармен дефиле, кешкі сән үлгісі, сондай-ақ топ 4 іріктеу және сұрақ-жауап кезеңі.

 

Сұлулықпен қатар парасаты мен білімі, сахнадағы өзіндік болмысы мен жүріс-тұрысы арқылы көптің көңілінен шыққан Лаура Ақтаева – бес жылдық тәжірибесі бар кәсіби модель. Ол бұған дейін де бірқатар халықаралық байқауларда Қазақстанның намысын қорғап, абыройлы өнер көрсеткен. Жеңімпаздың айтуынша, байқаудың іріктеуінен өту оңай болмаған.

 

«Жалпы мен бұған дейін де талай сында бақ сынап, тәжірибе жинадым. Мәселен, 2023 жылы «Face of Kazakhstan (winner)», «Face of Asia (participant) 2023» байқауына қатыстым. Ал 2024 жылы «Queen University» халықаралық байқауының топ-5 қатарына ендім. Өткен жылы республикалық «Қазақ аруы – 2024» сұлулық байқауының финалында өнер көрсеттім. Ендігі арманым – «Қазақстан аруы» мен «Әлем аруы» халықаралық байқауларында ел намысын қорғау», – деді жеңімпаз студентіміз.

 

Айта кетейік, «Miss Almaty – 2025» байқауының жеңімпазына тәж бен бір миллион теңгелік сертификат табыс етілді. 


Абай атындағы ҚазҰПУ
Баспасөз қызметі


  alt=  

  alt=