қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
09.10.2025

ТАРИХШЫЛАР ЖАУАПКЕРШІЛІГІ ТАЛҚЫЛАНДЫ


Абай атындағы ҚазҰПУ-да «Тарихи аңыз (миф): шығу табиғаты және тарихшылардың жауапкершілігі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстелге ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев арнайы келіп қатысты. Іс-шараны ашқан университеттің Басқарма төрағасы-ректор Болат Тілеп ақпараттық кеңістікте тарихи оқиғалар мен тұлғалар жөніндегі бұрмаланған мәліметтердің көбейіп кеткен уақытында тарихшылар жауапкершілігі өте маңызды екенін жеткізді.

 

Дөңгелек үстелде тарихты, ондағы тұлғаларды саясаттың құралына айналдырмау жолдары талқыланып, оқиғаларды деректанулық тұрғыдан зерделеу, ғылыми объективтілік және қоғамдағы тарихи сананы қалыптастыру мәселелері қаралды. Тарихи деректерді жеке мүддеге пайдалану – ұлттық бірегейлік пен рухани тұтастыққа қауіп төндіретіні айтылды. Алғашқы болып сөз алған ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев «Бүгінгі тақырып санамызды қайта сілкіп, өткенімізді дұрыс бағалап, болашаққа дұрыс сеніммен қарауымыз үшін арналып отыр. Әрбір мемлекет өзінің даму тарихын саралай отырып, өткеннен сабақ алады. Сондықтан бұл дөңгелек үстел маңызды алаң. Мұндағы мақсат – ұлттық тарихи сананы жаңғырту, тарихи шындықты ашу арқылы ұрпақтар арасындағы сабақтастықты нығайту, елдің біртұтастығын және патриотизмін арттыру» деді.

 

Ғалымдар тарихи деректерді көпе-көрінеу бұрмалап, деректерді жершілдік, рулық психологияда емес, тарихи шындық тұрғысынан зерттеп, объективті саралау қажеттігіне байланысты пікір білдірді. Сондай-ақ тарих ғылымында тұлғатану бағытындағы зерттеулердің сапасын арттыруды көтеріп, ортақ тарихи таным мен ғылыми әділдікке сүйенген ақпараттарды ұлтты біріктіру факторы ретінде қарастыруға келісті.

 

Маңызды басқосуға Абай атындағы ҚазҰПУ профессорлары Ханкелді Әбжанов, Ғабит Кенжебаев, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, ҚР ҰҒА академигі Кенжехан Матыжанов, Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының бас директоры Ақан Оңғарұлы, ҚР Орталық мемлекеттік мұрағатының директоры Сәбит Шілдебай, белгілі тарихшылар Нұрлан Атығаев, Нұрлан Кенжеахмет, Өмір Тұяқбаев, Еуразия ғылыми-зерттеу институтының өкілдері – Алмас Жүнісбаев, Өмірбек Қанай және тағы басқа да беделді ғалымдар қатысты.

 

Дөңгелек үстел барысында қатысушылар деректану мен сыни талдаудың тарихи аңыздарды зерттеудегі маңызын атап өтті. Жоғары оқу орындарында болашақ тарихшыларды даярлау үдерісінде «Тарих және аңыз» атты арнайы пәнді енгізу, сондай-ақ осы бағытта семинарлар мен курстар ұйымдастыру ұсынылды. Бұл бастама тарих ғылымының әдістемелік негізін күшейтіп, студенттердің сыни ойлау қабілетін дамытуға бағытталмақ.

 

Іс-шара соңында ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев қорытынды сөз алып, дөңгелек үстелдің өзектілігін жоғары бағалады. Ол тарихшылар мен зерттеушілердің пікірлерін іс жүзінде жүзеге асырудың маңыздылығын айтып, ұсыныстарды жазбаша да беруге болатынын жеткізді. Ауқымды жиын тарихи шындықты қорғау мен ұлттың рухани татулықты сақтауға бағытталған маңызды ғылыми пікірталас алаңы ретінде ұйымдастырылды.

 


Абай атындағы ҚазҰПУ
Баспасөз қызметі

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=