«ХАЛЫҚ ОРМАНЫ» БАҒДАРЛАМАСЫНА ҚАЗҰПУ СТУДЕНТТЕРІ БЕЛСЕНДІ ҚАТЫСТЫ
2025 жылдың 11 қазанында Іле-Алатауы ұлттық паркінде «Халық қайырымдылық» қоры ұйымдастырған «Халық орманы» бағдарламасы аясында экологиялық ағаш егу акциясы өтті. Осы маңызды шараға Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 6В05101 - Биология мамандығының 1-курс студенттері мен жас ғалымдары белсене қатысты.
Акцияның басты мақсаты - экожүйелердің табиғи тепе-теңдігін сақтау, биосфераның тұрақтылығын қамтамасыз ету және қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Сонымен қатар, бұл шара студенттердің табиғатты қорғауға деген жауапкершілігін арттыруға және экологиялық санасын дамытуға бағытталды.
Іс-шара барысында қатысушылар Іле Алатауының баурайында реликті шыршаларды егіп, өңірдің жасыл қорын молайтуға өз үлестерін қосты.
Ағаш егу - табиғатты көркейту ғана емес, климаттың өзгеруіне қарсы күрестің ғылыми негізделген тиімді тәсілі. Әрбір егілген ағаш атмосферадағы көмірқышқыл газын сіңіріп, оттегін өндіретін табиғи биофильтр қызметін атқарады. Осылайша, студенттер қоршаған ортаны қорғау мен экологиялық тепе-теңдікті сақтауға нақты үлес қосып, экологиялық тәрбиені нығайтты.
Акция соңында қатысушылар үшін табиғат аясында экологиялық ойындар мен командалық сайыстар ұйымдастырылды. Сонымен қатар, студенттер телеарналарға сұхбат беріп, шараның маңыздылығын кеңінен насихаттады. Осылайша, акция жастардың ұйымшылдығын арттырып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға ықпал етті.
Бұл іс-шара студенттер мен жас ғалымдардың табиғатқа деген сүйіспеншілігі мен белсенді азаматтық ұстанымын айқын көрсетті. Осындай экологиялық бастамалар арқылы жастар жасыл экожүйені сақтау ісіне үлес қосып, келешек ұрпаққа таза және тұрақты табиғи орта қалдырудың маңыздылығын түсіндірді.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті экологиялық және қайырымдылық бағытындағы жобаларды қолдауды әрі қарай да жалғастыра береді.

