қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
13.10.2025

БОЛАШАҒЫН ОЙЛАҒАН ХАЛЫҚ АҒАШ ЕГЕДІ


«Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы аясында еліміздің жасыл белдеуін кеңейту, экожүйелердің тепе-теңдігін сақтау, сондай-ақ климаттың өзгеруіне қарсы тиімді шараларды қабылдау қажеттігі ерекше назарда. Оған былтырдан бері Абай университетінің студенттері де барынша атсалысып келеді. Өткен демалыс күндері шәкірттер осы мақсатта «Іле-Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде болып, ағаш егіп қайтты.


Бұл акция - мемлекеттің экологиялық саясатын қолдаудың нақты көрінісі әрі жастардың табиғатқа деген жауапкершілігінің жарқын мысалы. Оған Абай университетінің «6В05101 - Биология» мамандығының 1 курс студенттері мен жас ғалымдар қатысты. Іс-шараның басты мақсаты - экожүйелердің табиғи тепе-теңдігін сақтау, биосфераның тұрақтылығын қамтамасыз ету және қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру.


Егілген шыршалар атмосферадағы көмірқышқыл газын сіңіріп, оттегін өндіретін табиғи биофильтр қызметін атқара отырып, климаттың өзгеруіне қарсы күресте маңызды рөл атқарады. Студенттердің табиғатты қорғауға бағытталған бұл бастамасы олардың азаматтық ұстанымын көрсетіп, экологиялық сананы дамытуға ықпал етері сөзсіз.


Абай университеті экологиялық және қайырымдылық бағытындағы жобаларды бұдан кейін де қолдауға ниетті, бұл елімізде экологиялық мәдениетті нығайтып, болашақ ұрпаққа таза әрі тұрақты табиғи орта қалдыру міндетін жүзеге асыруға бағытталған. Шара барысында ұйымдастырылған экологиялық ойындар мен командалық сайыстар жастардың ұйымшылдығын нығайтып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға септігін тигізді.


Студенттер мен жас ғалымдардың табиғатқа деген сүйіспеншілігі мен белсенді азаматтық ұстанымы ҚР Президентінің «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасының басым бағыттарын қолдаумен үндесіп, еліміздің жасыл экожүйесін сақтау және таза табиғатты қалыптастыруға қосқан үлестерінің айқын көрінісі болып отыр. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген осы болса керек.

 

 

Абай атындағы ҚазҰПУ

Баспасөз қызметі

 


  alt=  

  alt=