
Негізгі бет
Жаңалықтар
17.10.2025 ДҮНИЕЖҮЗІЛІК КОНГРЕСС ЖҰМЫСЫ ТАБЫСТЫ АЯҚТАЛДЫ Абай университетінде 16-17 қазан күндері ұйымдастырылған инклюзивті білім беруге арналған Дүниежүзілік конгресс бүгін өз жұмысын аяқтады. Бұл халықаралық деңгейдегі форумға әлемнің түрлі елдерінен келген сарапшылар мен мамандар қатысып, инклюзивті білім беру саласындағы өзекті мәселелерді жан-жақты талқылады.
Конгрестің бірінші күні білімнің сапасы мен оны баршаға қолжетімді ету арқылы педагогикалық инновациялар негізінде білім жүйесін жаңғырту, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектінің білім беру саласындағы мүмкіндіктері мен қиындықтары туралы баяндамалар жасалды. Сонымен қатар, оқу процесіндегі бағалау әдістерінің маңыздылығы және білім сапасын арттырудағы инновациялық тәсілдер кеңінен қаралды.
16 қазан күні бес бағыт бойынша арнайы қажеттіліктері бар балаларға тең құқықты білім беру мәселелері жан-жақты талқыланды. Әлемдік тәжірибелер мен зерттеулерге негізделген баяндамалар тыңдалып, шетелдік және қазақстандық мамандар өзара тәжірибе алмасты.
17 қазан күні конгрестің бағдарламасы төрт бағытқа жұмыс істеп, «Қосарланған, инклюзивті және әділ білім беру тәсілі», «Жеке тұлғаға бағытталған баяндамалар», «Инклюзивті білім беру көшбасшылары» сияқты маңызды тақырыптар бойынша өтті. Онда осы мәселелерді қамтыған қызу пікірталас өрбіді.
Шетелдік сарапшылар инклюзивті білім берудің табысты жүзеге асырылуына бірінші кезекте мұғалімдер мен ата-аналар жауапты екенін айтып, Қазақстанда бұл бағыттың дамуына, әсіресе Абай университетінде осындай халықаралық деңгейдегі іс-шараның өтуіне ризашылықтарын білдірді. Бұл – еліміздің білім беру саласындағы жаңару мен өрлеудің айқын көрінісі деп бағалады.
Осындай халықаралық деңгейдегі форумды ұйымдастыру арқылы университет өзінің ғылыми әлеуеті мен білім беру саласындағы жетекші орнын айшықтап, студенттер мен ғалымдарға халықаралық тәжірибеден хабардар болуға мол мүмкіндік жасай алды. Әлемдік деңгейдегі белгілі тұлғалар сала бойынша өз әлеуеттерін барынша трансформациялауға тырысты.
Бұл халықаралық ірі шараның табысты өтуі Абай университетінің білім беру саласындағы абыройын арттырып, еліміздің инклюзивті білім беру саясатын ілгерілетуге қосқан айрықша үлесін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Абай атындағы ҚазҰПУ
Баспасөз қызметі
|