қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
21.10.2025

КОНГРЕСС СЕРПІН БЕРГЕН ЖАС ӨНЕРТАПҚЫШТАР

 

Абай университетінде өткен инклюзивті білім беру мәселесіне арналған Дүниежүзілік конгресс аясында отандық мамандардың да тәжірибе алмасқаны белгілі. Солардың арасында Алматы облысы Жамбыл ауданы Қарғалы ауылы Әсет Бейсеуов атындағы орта мектебі физика пәнінің мұғалімі Бақыт Әлі де бар. Оның ауыл мектебіндегі оқушылармен жасап жүрген ерекше қажеттілігі бар жандарға арналған биомеханикалық протездері көпшіліктің қызығушылығын тудырды.


Бұл бастама қарапайым ауыл мектебі қабырғасындағы технологиялық клубтың аясында жүзеге асқан. Әртүрлі идеялармен қанаттанған оқушылар клубта өздері жоба әзірлеп, сызба сызып, дизайн өлшемдерін есептеп, бәрін өз қолдарымен істейді. Осы бағытта жүзеге асқан маңызды жобалардың бірі - 4-сынып оқушысы Мирасқа жасалған қол протезі. Жоба алты айға созылып, сәтті аяқталған көрінеді. Мирас сол протезді күнделікті өмірде қолданып, түрлі заттарды көтеріп, спортпен де айналыса алатын жағдайға жеткен.


Бақыт Әлінің айтуынша, клуб тек мектеп оқушыларына ғана емес, ауыл мұғалімдері мен тұрғындарына да көмек көрсетіп келеді. Мысалы, қазақ тілі пәнінің мұғалімі Ғалияға және жол апатынан зардап шеккен Дәулет есімді ауыл тұрғынына да протез жасалған. Барлық құрылғылар оқушылардың өз қолымен дайындалған.


Жобаның бастамасына түрткі болған оқиға да ерекше. Алғашқы 3D-принтерді мектепке Алма Хамит есімді әріптесі сыйға тартыпты. Ол құрылғыны жарыстан ұтып алған көрінеді. Ол баласының кішкентай кезінде ет тартқышқа қолын салып алып, төрт саусағынан айырылғанын айтып, протез жасап көруді өтініпті. Алғашқы жоба осылай басталған.


- Баланың қуанғанын көріп, біз одан әрі шабыттанып, ары қарай жұмысымызы жалғастырып кеттік. Жалпы бізге ешкім қаражат бөлмейді. Айлықтан бөлек, өзіміз ақша жинап, керек-жарағымызды аламыз, - дейді Бақыт Әлі.
Қазіргі уақытта Бақыт Әлі физика пәніне арналған мобильді қосымша дайындап жатыр екен. Бұл қосымша күрделі формулаларды оңайлатуға мүмкіндік береді дейді.


Абай университетінде өткен Дүниежүзілік конгресске қатысу Бақыт Әлі үшін маңызды тәжірибе болған. Ол шетелдік мамандармен пікір алмасып, инклюзивті білім беру саласындағы жаңа әдістер мен технологияларды меңгеруге күш салды. Конгресс жұмысы оқушылармен етене жұмыс істейтін мұғалімінің кәсіби дамуына жаңа серпін беріп, өз мектебіндегі жобаларды әрі қарай дамытуға шабыттандырғаны қуанатады. Осындай іргелі бастамаларға тамызық болғанның өзі - Конргесс жұмысының ақталғанын айғақтайды

 

Абай атындағы ҚазҰПУ

Баспасөз қызметі 

 

 

  alt=  

  alt=