қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
22.10.2025

ҚАЗІРГІ ПСИХОЛОГИЯ МӘСЕЛЕЛЕРІ ҚАРАЛДЫ

 

Қазан айының 22-сі күні Абай университетінде көрнекті психолог ғалым, академик Күләш Оразбекованың 85 жылдық мерейтойына арналған «Қазіргі психологияның өзекті мәселелері: теория және тәжірибе» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. Жалпы және қолданбалы психология кафедрасы ұйымдастырған конференция жұмысында қазіргі психология ғылымының мәселелері талқыланды.

 

Пленарлық мәжілісті Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма төрағасы-Ректор Болат Тілеп құттықтау сөзімен ашып, академик Күләш Оразбекованың отандық психология ғылымының қалыптасуы мен дамуына қосқан зор үлесін атап өтті. Ғалымның адамгершілік ізгілік пен ұлттық құндылықтарды ұштастыра отырып, ұрпақ тәрбиесінде ерекше із қалдырғанын жеткізіп, мерейтойы иесіне шапан жапты. Жиында одан кейін сөз алған ҚазҰПУ ардагерлер кеңесінің төрағасы, профессор Берікжан Әлмұхамбетов ұстаз еңбегіне жоғары баға беріп, жылы лебізін білдірсе, композитор, «ҚазақАК» сыйлығының лауреаты Владимир Питерцов арнау өлеңін оқыды.

 

Конференцияға оқытушы-профессорлар, Күләш Айтмолдақызының шәкірттері және студенттер қатысты. Іс-шараға Педагогика және психология факультетінің деканы м.а. Гүлмира Ниетбаева модераторлық етті. Пленарлық отырыста профессор Алма Акажанова «Отандық психология ғылыми салаларының дамуы мен қалыптасуы», факультет деканы м.а. Гүлмира Ниетбаева «ҚР-да психолог кадрларды даярлау мәселелері туралы», профессор Ұлбосын Қияқбаева «Ұлттық ғылымдағы іргелі ізденістер», доцент Гүлназ Жанғозина «Ақсудан ұшқан аққуым» тақырыптарында мазмұнды баяндамалар жасады.

 

Конференция барысында психология және педагогика саласындағы өзекті мәселелер, ғылыми зерттеулер мен тәжірибелік бағыттар талқыланды. Ғалымның шәкірттері Күләш Айтмолдақызы негізін қалаған «Өмір мектебі» клубының тәрбиелік мәнін ерекше сөз етті. Бұл клуб студенттерге мейірімділік пен кішіпейілділікті, тазалық пен әдептілікті, өзін-өзі ұстау мәдениетін үйретіп, ұлттық мінез-құлықты сақтауға баулыған. Күләш Оразбекова онда жастарға тек насихат айтып қана қоймай, өз мінез-құлқымен де үлгі бола білген тұлға.

 

Басқосуда қазіргі заманғы тәрбие жүйесіндегі қайшылықтар жөнінде де ойталқы болды. Осы тұрғыда академиктің еңбектері психологиялық тұрғыдан ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, саналы әрі рухы берік жас ұрпақ тәрбиелеудің тамаша үлгісі екені мысалғы алынды.

 

Аталған халықаралық конференция қатысушылары Күләш Айтмолдақызының ғылыми және педагогикалық еңбектерінің заманауи психологияда аса өзекті екендігін айшықтап берді.

 

 

Абай атындағы ҚазҰПУ

Баспасөз қызметі 



  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=