қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
24.10.2025

ПРОФЕССОР БИДАЙБЕКОВ – ҒЫЛЫМ МЕН ТЕХНИКА ҚАЙРАТКЕРІ

 

Бүгін Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күні мерекесіне орай бір топ азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттады. Оның ішінде Абай университеті Математика, физика және информатика факультеті Информатика және білімді ақпараттандыру кафедрасының профессоры Бидайбеков Есен Ықласұлы да бар.

 

1990 жылдың 25 қазанында «Қазақ КСР-нің Мемлекеттік егемендігі туралы Декларация» қабылданғаны белгілі. Тәуелсіздікке шежірелі қадам жасатқан, азаттыққа ұмтылған жаңа тарихи дәуірдің бастауы болған сол күнге биыл – 35 жыл. Айтулы күнге байланысты бүгін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада салтанатты жиында сөз сөйлеп, халықты ұлық меркемен құттықтады.

 

Мемлекет басшысы салтанатты басқосуда «Тәуелсіздік – бәрінен қымбат құндылығымыз. Оны сақтап, нығайта түсу – баршамызға ортақ қасиетті борыш», – деп ең басты байлығымызды қадірлеу қажеттігін еске салды. Сондай-ақ, Президент еліміздің ертеңі өскелең ұрпақтың қолында екенін атап өтіп, жастарды ең алдымен адал азамат болуға шақырды:

 

– Адал азамат дегеніміз – елін, жерін сыйлайтын, заңға бағынатын, білімге ұмтылатын, ұлттық құндылықтарды қолдайтын және ел бірлігін нығайтуға үлес қосатын азамат. Еліміздің озық болуы осындай отаншыл, тәртіпті, білімді, мәдениетті, белсенді және ойы ұшқыр жастарға тікелей байланысты. Өз қабілетіне сенетін, көзі ашық, көкірегі ояу, еті тірі, еңбекқор адамның ешкімге тәуелді болмайтынын жас ұрпақ ұғынып өсуі қажет. Әр азаматымыз өз ісіне тиянақты, ұқыпты және жинақы болса, тұтас мемлекет те табысты болмақ», – деді Мемлекет басшысы.

 

Ұлық мереке – Республика күніне арналған салтанатты жиында Президент еліміздің ғылым-білім, әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға елеулі үлес қосқан бірқатар азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттады. Олардың қатарында Абай университетінің профессоры Бидайбеков Есен Ықласұлы да бар. Ол еліміздің ғылымы мен техникасының дамуына қосқан зор үлесі үшін «Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері» төсбелгісімен марапатталды.

 

Бидайбеков Есен Ықыласұлы – Қазақстандағы информатиканы оқыту әдістемесінің ғылыми мектебін қалыптастырған көрнекті ғалым, педагогика ғылымдарының докторы (1998), профессор (2002). Ресей Білім беруді ақпараттандыру академиясының және Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері.

 

Абай атындағы ҚазҰПУ

Баспасөз қызметі 


  alt=